«Емир-Ойл» ЖШС жұмысшыларының ұжымдық талаптары қанағаттандырылды

Қазақстандық мұнайгаз өнеркәсібі салалық кәсіподағының ақпаратына сәйкес, осы жылы 1 шілде күні Маңғыстау облысының «Емир-ойл» ЖШС қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады.

Жұмысшылар өз өтініштерінде жұмыс берушіден жалақыны көтеру және әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту туралы талаптарын айтты.

Еңбек дауы осы жылдың 2 қыркүйегінде жұмысын аяқтаған Татуластыру комиссиясының шеңберінде қаралды.

Комиссия жұмысының бүкіл процесінде Қазақстандық мұнай -газ өнеркәсібі салалық кәсіподағының кәсіподақ активі – «Емир-ойл» ЖШС жұмысшылар кәсіподағының төрағасы Е.А.Бисебаева, Татуластыру комиссиясының мүшелері Ж.Р. Оспанова, А.А. Кенжебаева қызметкерлердің мүддесін табандылықпен қорғады және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Келіссөздер нәтижесінде жұмысшылардың жалақыны көтеру талаптары ішінара қанағаттандырылды, әлеуметтік төлемдердің тізімі кеңейтілді. Ұжымдық еңбек дауы тараптары 1.09.2021 жылдан бастап вахталық әдіспен жұмыс істейтін барлық жұмысшылардың сағаттық мөлшерлемені 30%-ға жоғарылататыны туралы келісімге келді.

Сонымен қатар, жұмыс беруші биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляцияның ресми деңгейіне сәйкес барлық қызметкерлердің жалақысын индекстеу және компанияның Ұжымдық шартында көзделген төрт мереке үшін 20 АЕК көлеміндегі сыйақыларды толық төлеуге міндеттеме алды.

Еңбек демалысын беру кезінде серіктестік барлық қызметкерлеріне 20 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төлеуді қамтамасыз етеді.

Тараптар Татуластыру комиссиясының хаттамасы ұжымдық шартқа қосымша болып табылатынына да келісті.

Осылайша, «Эмир -Ойл» ЖШС кәсіпорнындағы ұжымдық еңбек дауы кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының мұнай -газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында шешілді.