Жолдау – жарқын істер жалғасы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауы ең маңызды деген салаларға реформалар жүргізу уақыты әлдеқашан туғанын жеткізді.

Жолдауда адам мен оның мүддесіне басымдық берілген. Маңызды құжатта алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екені баса айтылды. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған төменгі жалақы, жайылымдар, бағаларды реттеу, зейнетақы реформасы және басқа да маңызды әлеуметтік мәселелер атап өтілді. Жаңа 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60000 теңгеге көтерілетін болды.

Айта кетейін, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы осы мәселе төңірегінде ҚР Үкіметіне көптеген ұсыныстар жолдаған болатын. Бүгінгі таңда миллионға жуық еңбеккерлер үшін бұл көмек болды. Осылайша халқымыздың әл-ауқаты артарына кәміл сенеміз!

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Қиын сәтте бірлік-ынтымағымызды сақтап қалуымыз маңызды.
Президентіміздің, әсіресе мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы талабы ел руханиятына және мәдениет қызметкерлеріне деген шынайы жанашырлық деп білемін. 2025 жылға дейін кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақыларын жыл сайын 20 пайызға көтеру көзделуде.

Күрделі жағдайға қарамастан, Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға белсене ат салысатын боламыз.

Бердіғали Өмірәлі, «Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы