Дәулеталин: «Жолдауда жалақыға қатысты айтылған бастамалар – кәсіподақтар қозғалысының арқасы!»

Бүгін Алматы ​​облысы кәсіподақтарының аумақтық құрылымдарының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, төрағаның бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, төрағаның орынбасары Нұрлан Өтешев, Алматы облысындағы кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, сондай -ақ облыстың салалық кәсіподақтары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары филиалдарының төрағалары қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жиынды ашқан Кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов жарты жылдағы жұмыс туралы есеп берді.

Оның айтуынша, бірлестік құрамына салалық кәсіподақтардың 12 облыстық филиалы кіреді. 908 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оның 30-ға жуығы биыл құрылған. Облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны –

100 мыңнан асады. Ұжымдық шарттардың саны – 10 мыңға жуық. Оның 1 мыңға жуығы кәсіподақтары бар кәсіпорындарда жасалған.

«Қалың қалай,  бастауыш ұйым?»  акциясы аясында  100-ден астам кездесулер өткізілді. Оның 3-уі  Кәсіподақтар федерациясы басшылығының қатысуымен ұйымдастырылған.

«Биыл 2021-2023 жылдарға арналған үшжақты келісімге қол қойылды. Осы келісім бойынша облыс әкімдігінің сайтында жеке бөлім ашылып, Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбекқатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның әлеуметтік әріптестік шеңберінде жүргізіп жатқан жұмыстары жариялануда»,- деді Әсет Қыдырманов.

Биыл аталған комиссия асында  2021-2023 жылдарға арналған Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілді.  Осы бағдарлама аясында облыста жазатайым оқиғалар санын азайтуға қол жеткізілген.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының айтуынша, Татуласу орталығына жарты жылда  40-қа жуық өтініш түскен. Ал биыл  ашылған Заң клиникасы 75-тен астам өтініш қараған.

Отырысқа қатысқан Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, ақпарат және туризм қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Алматы облыстық филиалының төрайымы Сәуле  Ахмадиева,  «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы  Алматы облыстық филиалының төрайымы  Самал Бәкірова, «Қазақстандық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Алматы филиалы төрағасының орынбасары Асқар Қараманов жарты жылдағы жұмыстарының есебін берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыс кәсіподақтарының жұмысына оң баға берді.  Аумақтық кәсіподақ бірлестігі төрағасына облыстағы үжымдық шарттардың сапасына назар аударуды тапсырды. Атап айтқанда, бұл мәселені өңірлік үшжақты комиссия отырысының күн тәртібіне шығаруға тапсырма берді. Сонымен қатар, ​​мұны облыс кәсіподақтарының аумақтық құрылымдарының Үйлестіру кеңесінің келесі отырысында  да егжей-тегжейлі талқылап, ұжымдық шарт тараптарына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

«Қазір ҚРКФ ұжымдық шарттардың базалық және қолданбалы стандарттарын жасап жатыр. Базалық стандарттар міндетті болады, қолданбалылары кәсіпорынның қаржы—экономикалық жағдайына байланысты енгізуге  кеңес берілетін нормалар. Ұжымдық шарттар – әлеуметік әріптестіктің негізі құралы.  Сондықтан қазір облыстағы ұжымдық шарттарға  сараптама жасаңыздар. Саннан сапаға көшу керек. Ұжымдық шарт жұмыскердің өмір сапасын алға бастыратын құжат болуы тиіс», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар, облыста еңбек қауіпсіздігі  және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер мен еңбек инспекторлары жұмысының сапасын арттыруды, облыста өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша жол картасы аясында қолға алынуы тиіс шаралардың жоспарын түзіп, бұл мәселені де өңірлік үшжақты комиссия мен Үйлестіру кеңесінің отырыстарына шығаруды тапсырды.

ҚРКФ төрағасы әлеуметтік әріптестік мәселесіне келгенде, қатысушыларға Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбекқатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияны облыс әкімі басқаруы керек деген  Президент пәрменін еске салып, «Комиссияда төрағалық тең құқылы. Сондықтан осыны  да қарастырған жөн. Бұл мәселені мен республикалық деңгейде де көтеретін боламын. Жалпы әлеуметтік әріптестікті алға бастыру –  өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік әріптестік туралы заң қабылдау қажет және салалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың мәртебесі мен жұмыстарының тиімділігін арттыру, сондай ақ олардың арасындағы өзара іс-қимылды күшейту керек. Қазір бұл комиссиялардың жұмысы алға басып жатыр деп айту қиын. Отырысқа қатысып отырған салалық кәсіподақ филиалдары төрағаларын да осы мәселені көтеруге, бірлесіп алға жылжытуға шақырамын»,- деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы бұдан соң федерация қызметінде бір жылда болған оң өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда, федерацияның  Бас кеңесі 6 тұрақты комиссиядан тұратынын, Атқарушы комитет құрамы негізінен мүшелік жарнасын уақытылы төлеп отырған салалық кәсіподақ төрағаларынан жасақталатынын, аталған органдарда шешімдердің  ұжымдық түрде қабылданатынын және  Аумақтық кәсіподақ төрағалары да облыстағы салалық кәсіподақ филиалдары төрағаларының келісімімен сайланатынын еске салды.

Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар, халықаралық қатынастар бағыты бойынша бір жыл ішінде қол жеткізілген жетістіктерді де атап өтті.

«2018 жылы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясында мүшелік тоқтатылғанын білесіздер. Қазір қарым-қатынастарды реттеп  жатырмыз. Қайта кіру жөнінде ұсыныс бергенбіз. Конфедерация өздеріне шақырып жатыр. Сондықтан қазан айында жүздесіп қайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар,  ХЕҰ-мен  бірге 4 үлкен жобаны жүзеге асырдық. Жалпы екі ұйымның да ҚРКФ-ға көзқарасы оң. Бұл –  бәріміздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі.  Бұның сыртында Орталық Азия елдеріндегі, түркі тілдес мемлекеттердегі кәсіподақтармен де жұмыс жолға қойылып жатыр. Бұл жұмыста салалық кәсіподақтардың да еңбегі бар», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин Бастауыш кәсіподақ жылының қорытындысы  Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай өткізілгелі отырған Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының республикалық форумында жасалатынын жеткізді.  Сонымен қатар, ол аталған мерекеге байланысты марапаттаулар ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Атқарушы комитеті мамырда айында бекіткен жаңа ережеге сәйкес жүргізілетінін ескертті.

Төраға бір жылда федерацияның 2020-2025 жылдарға арналған стратегияда айқындаған міндеттердің бірқатарын орындай алғанын атап өтті.

«Стратегияда алдымызға 15 бағытта міндеттер қойдық. Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бағыты бойынша бірқатар ұсынысымыз қолдау тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеруді, бюджеттен қаржыланатын азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді және еңбекақы төлеу қорының өсіру үшін бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды» шараларды әзірлеуді тапсырды.  Бұлардың барлығы кәсіподақтардың арқасы деп айтуға болады. Кәсіподақтар федерациясы – жұмыскерлердің құқығын алға бастырумен  кәсіби түрде айналысып жүрген бірден бір ұйым. Елімізде жыл басынан бері 60-тан астам еңбек дауы тіркелді. Солардың тек 50%-да  бастауыш кәсіподақ ұйымы бар болып шықты. Біз оған қарамастан, барлық еңбек дауына араласып, жұмыскерлердің талабын орындауға атсалыстық. Олардың қойған талаптары негізінен  жалақы мөлшеріне қатысты болды.  Сондықтан федерация бұл бағыттағы жұмысын әрі қарай жалғастыратын болады», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин сөзінің соңында қатысушыларға федерацияның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге ХЕҰ -ның № 131 Конвенциясын ратификациялау, ең төменгі жалақының мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.