Кәсіподақ Жолдауды талқылады

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының басым бағыттарын көпшілікке жеткізуге арналған кездесу өтті.

Іс-шараның басты мақсаты — ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауын бастауыш кәсіподақ мүшелеріне жете таныстыру. Кездесуге салалық кәсіподақтардың Ақтөбе филиалының жетекшілері мен бастауыш ұйым мүшелері, кітапхана, музей, спорт саласының мамандары мен жастар қатысты.

Кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының түп негізі тұрақты мемлекет құра отырып, еңбек адамдарының тұрмысын жақсартуға көп мүмкіндіктер қарастырылғаны нақты айтылды. Оның ішінде, әсіресе, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың әлеуметтік мәселелеріне ерекше ден қойылғаны кәсіподақ үшін өте қуанарлық жағдай екені айтылды. Кәсіподақ қарапайым адамдардың құқығы мен мүдделерін қорғау мақсатындағы міндеттерді атқарады. «Ел игілігі жолында бірлесе еңбек етуіміз керек», – деп атап өтті кәсіподақ жетекшілері кездесуде.