Еңбекақы берешегін өтеу мәселесі өзекті болып отыр

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы мен Еңбек инспекциясы жетекшілерінің қатысуымен Шалқар ауданында үшжақты комиссия отырысы болды.

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында аудандағы еңбек дауларының алдын-алу, кәсіпорындардың жұмысшыларға жалақы бережағын өтеу, т.б. мәселелер қаралды.

Үстіміздегі жылы маусым айында Шалқар ауданының Бершүгір станциясында орналасқан «MiningInertMaterials» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қиыршық тас зауытының цех қызметкерлері өз талаптарын білдірген болатын. Олар наурыз-сәуір айлары үшін жалақы бережағын өтеу, зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін арнайы киім, сүт беруді қамтамасыз ету, еңбекке жарамсыздық парақтарын төлеу сынды өз талаптарын білдірген еді. Бұл мәселе Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының төрағалығымен өткен үшжақты комиссияның кезекті отырысында қаралды.

Жұмыскерлер Шалқар аудандық прокуратурасына өтініш берді. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде жұмыс берушіге берешекті өтеу туралы нұсқама берілген. Заңды тұлғаға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 87 бабының 1 бөлігімен айыппұл салынған. Материал мәжбүрлеп орындау үшін сот орындаушыларының өңірлік палатасына берілген. Жағдай бақылауда.

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық шарттың маңыздылығын атап өтті. Ұжымдық шарт жоқ жерде еңбек қауіпсіздігін сақтау да жүйелі жолға қойылмағаны байқалады. Іс-сапар барысында кәсіподақ жетекшісі Шалқар ауданындағы еңбек ұжымдарымен кездесіп, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құрудың маңыздылығына, жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мәселелеріне жан-жақты тоқталды.