Тәжмұратовтар – лауреат!

10 қыркүйекте 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңі қорытындыланды. Бұл ауқымды бастамада көпбалалы және жас отбасылар, еңбек династиялары бақ сынаған. Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылында тұратын Тәжмұратовтар отбасы сынға түскен салт-дәстүрге берік, үлгі алуға тұрарлық әулеттер қатарынан табылып, облыс намысын қорғаған болатын.

Онлайн форматта өткен іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Ұлттық байқаудың тарихы туралы бейнеролик көрсетілгеннен кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

Содан кейін өңір басшысы Тәжмұратовтар отбасына статуэтка, Мемлекет басшысы атынан диплом және 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табыстады.

– Тәжмұратовтар отбасы – еңбекқор отбасы. Нағым Қитанұлы мектеп бітіргеннен кейін бірден еңбекке араласып, күні бүгінге дейін бойындағы бар қарым-қабылетін көпке көрсетіп келеді. «Нарын» жеке шаруа қожалығын басқарып, өңіріміз үшін маңызды, игі істерді атқарып жүр. Мал шаруашылығымен айналысу оңай шаруа емес. Тек біздің облыспен ғана шектелмей, басқа аймақтарды да етпен қамтып отырған отбасы бүгін республикалық ауқымды байқаудың биігінен көрінді, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Тәжмұратовтар отбасының 1997 жылдың сәуір айында құрылған «Нарын» жеке шаруа қожалығында 22 адам жұмыс жасайды. Қожалық төрт түліктің барлығымен айналысады. Қазақтың ақбас сиыры мен еділбай қойын асылдандыру бағытында жұмыстануда.