Отбасылық құндылықтарды сақтау маңызды

Отбасы – қоғамның маңызды институттарының бірі және адамның қалыптасуының алғашқы кезеңі. Адам тұлға ретінде және азамат ретінде отбасында қалыптасады. Отбасының әл-ауқатын мемлекеттің дамуы мен прогресінің өлшемі деп атауға болады. Берік те берекелі отбасы – мемлекеттің өркендеуінің кепілі.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылы алғаш рет Отбасы күні бекітілді және ол қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық жасөспірімдер ісі жөніндегі сотының бастамасымен аталған мерекеге орай «Ашық есік күні» өтті. Іс-шараға жасөспірімдер ісімен тығыз байланысты мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының, полиция бөлімінің қызметкерлерімен қатар Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы татуласу орталығының медиаторлары іс-шараға келушілердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Медиация институтының артықшылығы, оның пайдасы және медиатордың қызметіне деген қызығушылықтың артуы, осындай өткізілген игі шаралардың нәтижесі деуге болады.
Іс-шараның ұйымдастырылып өтуіне ықпал еткен, аймақтағы отбасылық дау-дамайларды шешудегі татуласу рәсімдерінің артуына үнемі көңіл бөліп келе жатқан Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық жасөспірімдер ісі жөніндегі сотының басшысы Динара Мутубаева болып табылады.