Бастауыш кәсіподақ ұйымының жетістіктері сараланды

Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында орналасқан “Балапан” балабақшасы 2007 жылы ашылды. Мектепке дейінгі ұйымның ең алғашқы еңбек ұжымында 19 қызметкер жұмыс жасады. Сол жылы алғаш болып 50 бүлдіршін балабақша табалдырығын аттады. Қазіргі таңда мұндағы бастауыш кәсіподақ ұйымына 10 педагог және 14 кіші қызметкер мүше болып отыр. Бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшысы – Абенова Ақзер Райымбекқызы.

Қазіргі күні қоғамда өзгеден озық, бітім-болмысы ешкімге ұқсай бермейтін, рухани және материалдық жағынан салмақты орны бар ұйым – кәсіподақ ұйымы. Қоғамдық ұйым халық арасында зор сенімге, айтулы беделге ие және сан қырлы қызметті ұйымдастырушы, қызметкерлер мен жұмыскерлердің жанашыры. Балабақшаның бастауыш кәсіподақ комитеті еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғап келеді. Кәсіподақ ұйымының қызметі Еңбек кодексі және “Кәсіподақтар туралы” Қазақстан Республикасының заңдарына негізделген. Жұмыс беруші мен кәсіподақ комитетінің бастамасы бойынша қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға арналған ұжымдық шарт бекітіліп, іске асырылуда. Балабақшаның кәсіподақ ұйымы ұжым қызметкерлерін үнемі қолдап, көмек беруде.

Атап айтқанда, аз қамтылған, көпбалалы, денсаулығында ақауы бар қызметкерлерге азық-түлік себеттері берілді, мерекелер қарсаңында сыйақылар табысталды және материалдық көмектер көрсетілді.

Білім саласында көп жылғы еңбектері үшін, еліміздің жарқын болашағы – балаларды тәрбиелеудегі қосқан зор үлесі үшін, мекеменің және ауылдың қоғамдық өміріне белсене атсалысқан кәсіподақ мүшелері Алғыс хаттармен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Пандемия кезінде кәсіподақ ұйым мүшелері “Біз біргеміз!” ұранымен өткізілген әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық акцияларға қатысып, ауылда тұратын әлеуметтік жағдайлары төмен, көпбалалы отбасыларға түрлі көмектер көрсетті. 2017 жылы бастау алған “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында бастауыш кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен жыл сайын шараларды өткізу дәстүрге айналды.