Еліміздің мұнай сервистік кәсіпорындарындағы проблемалық мәселелер қамтылды

Кәсіподақтар орталығында «Еліміздің мұнай сервистік кәсіпорындарындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша Республикалық іс-қимыл жоспарының» өңірлік деңгейде орындалуы жөнінде іс-шаралар жоспарын талқылау мақсатында бейресми жиналыс өтті.

Кездесуге «Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы А.Есекенова, Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы басшысының орынбасары А.Тұйғынбетов, Батыс Қазақстан облыстық медиация орталығының жетекшісі М.Сұлтанғалиев, Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шетелдік жұмыс күші және қандастармен жұмыстану бөлімінің басшысы А.Гусманова, Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Е.Адиев, КПО б.в. және мердігер компаниялар қызметкерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіптік одағы ҚБ төрағасы М.Хайруллин, КПО б.в. қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ҚБ төрағасы К.Абдуллин қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановпен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс тобы әлеуметтік әріптестік деңгейінде өңірдегі еңбек қатынастарын реттеп, еңбек жанжалдарына жол бермеу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, Мұнай-сервистік кәсіпорындардың жұмыс берушілері мен жұмыскерлерінің арасында еңбек қатынастары, оның ішінде жұмыскерлердің еңбек жағдайларына қанағаттануын бағалау мәселелері, кәсіподақтар мен қамтуды кеңейту мақсатында Мұнай-сервистік кәсіпорындарда жергілікті кәсіподақтар мен бастауыш ұйымдарды құру жөніндегі жұмысты жандандыру сұрақтары талқыланды.