Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығында кездесу өтті

21 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығында «Еліміздің мұнай сервистік кәсіпорындарындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша Республикалық іс-қимыл жоспарының» өңірлік деңгейде орындалуы жөнінде іс-шаралар жоспарына сәйкес кездесу өтті.

Кездесуге өңірлік кәсіподақ төрайымы А.Есекенова, КПО б.в. және мердігерлік компаниялар қызметкерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіподағы төрағасы К.Абдуллин, «Қазбұргаз» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Шакенов, Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы төрайымының орынбасары Б.Атауов қатысты.

Іскерлік кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы, мұнай-сервистік кәсіпорындардың жұмыс берушілері мен жұмыскерлерінің арасындағы еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік шиеленістердің алдын-алу мәселелері талқыланды.

«Қазбұргаз» АҚ 1996 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Негізі қаланған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін компания ұйымдық және құрылымдық қайта құрулардың күрделі жолынан өтті, оның барысында оның қазіргі заманғы техникалық және өндірістік базасы қалыптасты. Қазіргі уақытта “Қазбұргаз” АҚ, “Karachaganak Petroleum Operating B. V.”, “Жайықмұнай” ЖШС, “Schlumberger Logelco Inc” сияқты ірі компаниялармен ұзақ мерзімді іскерлік байланыстары бар.