Ер есімі – ел есінде

Атырау өңірінің мәдениеті пен спорт саласына ерекше еңбек сіңірген Алтынбек Нысанғалиев осыдан тура бір жыл бұрын 65 жасында дүниеден өткен болатын. Жақында осынау арда азаматты еске алу мақсатында облыстық футбол федерациясының ұйытқы болуымен «Мұнайшы» стадионында футболдан кездесу өтті.

Еске алу шарасына Алтынбектің жары Сағима мен ұрпақтары шақырылды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық футбол федерациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Индер ауданының Құрметті азаматы», кәсіподақ ардагері Алтынбек Бұхарзаұлының өмірі мен шығармашылық қызметіне тоқталды.

Шымкенттің Әл-Фараби атындағы мәдениет институтын бітіріп, еңбек жолын мәдениет үйінің директорлығынан бастаған ол Индер аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, басшысы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарды. Аймақта футбол мен волейбол командаларын құруға, олардың қалыптасуына да сүбелі үлес қосқан Алтынбек Нысанғалиев Атырау телевизиясы тарихында алғаш рет Премьер-лигада өнер көрсетіп жүрген «Атырау» командасының ойындарынан тікелей репортаж да жүргізді. Оның қазақ футболының тарихын баяндайтын төрт кітабы да спорт сүйер қауымға жол жатқан-ды. Біраз жыл мұнай компаниясында кәсіподақ комиететінің төрағасы, облыстық «Атырау» газетінде спорт шолушысы ретінде оқырмандарға кеңінен талымал болған тұлға еді.

Әріптестері мен тұстастары Алтынбек Бұхарзаұлының қайраткерлік бейнесі, азаматтық тұлғасы мен болмыс-бітімі, адами қасиеттері жайлы әңгімелеп, марқұмды құрметпен еске алды.

Сайыста «Алтынбектің достары» және «Атырау футболының ардагерлері» командалары өзара кездесті. Тартысқа толы қызықты бәсеке 1:0 есебімен ардагерлердің жеңісімен аяқталып, облыстық футбол федерациясының президенті Ізтұрған Баймұханов жеңімпаз командаға ауыспалы кубокты, ал үздік ойыншыларға ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Болашақта спорт жанашырлары осынау еске алу шарасының аясын кеңейтіп, оны дәстүрлі турнир мәртебесіне жеткізуді көздеп отыр.

​​​​​​​Бақытжан ЖҰМАТ, ​​​​​​Қазақстан Журналистер одағының мүшесі