Спорт пен білімді бірлікте ұштастыра алған кәсіподақ ұйымы

Кәсіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол. Кәсіподақ қызметінің негізгі жұмысы – кәсіподақ мүшелерінің, еңбекшілердің құқығы мен мүдделерін қорғау және жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру әрі әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету болып табылатыны бәрімізге аян.

Қазіргі қиын-қыстау күндері қоғамда туындаған мәселелердің оңтайлы шешімін табуға және уақтылы сезінуге мүмкіндік беретін, еңбек жағдайларын қолайлы және қауіпсіз етуді жалғастыру мақсатында кәсіподақ ұйымы үлкен жұмыстар атқаруда.

Кәсіподақ ұйымының ұжымдағы бірлігі мен ынтымағына әсері туралы сөз ететін болсақ, айналасына мейірім шуағымен бөленіп жүрген Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Асанова Марта Жалғасқызының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Батыр баба атындағы киелі білім ордасында Марта Жалғасқызының еңбекқорлығы мен жайсаң мінезіне үйлескен кәсіподақ қызметі жылдар өткен сайын жандана түсуде.

Мектеп ішіндегі қызметкерлер арасында еңбек дау-дамайлары туындаған жағдайда бұндай мәселелерді оңтайлы етіп шешіп, татуластырып, жұмыстарын жандандырып жібереді. Ұстаздар мен жұмысшылардың жақсы атқарған еңбектерін бағалап, еңбек демалыстары кезінде шипажайға жеңілдікпен баруларына жағдай туғызып отыр. Кәсіподақ мүшелерінің ішіндегі күн көрісі төмен жұмысшыларға және сырқаттанып қалған сәттерінде ем болатын дәрі-дәрмектеріне қаржылай қолдау көрсетіп тұрады. Ақылы түрдегі оталар, стационарда ұзақ емделу, басқа да қиын жағдайларда алдымен көмекке кәсіподақ ұйымы келеді. Сонымен қатар, бұл білім ордасында әр мерекені өте жоғары деңгейде және ерекше түрлендіріп өткізеді. Кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған мерекелерде, (атап айтсақ, Жаңа жыл, 8-наурыз, ұстаздар күні, қарттар күні, т.б) ұстаздар мен жұмысшыларға ынтымақ орнатып, шаршағанын ұмыттырып, сыйлықтарын таратып, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Жылдың әр мезгілінің бір демалыс күндерінде таза ауаға шығып демалу, саяхаттау мақсатында демалыс орындарында мерекелерді атап өту шараларын ұйымдастырады. Қызметкерлер арасында түрлі спорттық шараларда, мемлекеттік мерекелерде жұмыстарын жақсы атқарған жандарды марапаттау рәсімдері, арнайы мерекелік күндерді атап өту секілді жұмыстары дәстүрге айналған. Кәсіподақ мүшелерін мерекелерімен құттықтап, көп жылғы адал еңбегі мен жетістіктері үшін Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырып, жігерлендіріп отырады.

Осындай мықты кәсіподақ – мектеп-интернат-колледжінің тірегіне айналып отыр. Ұжым ішінде әлеуметтік кепілдік пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысшылардың еңбек құқығының қорғалуына ықпал жасап отырады. Әрбір кәсіподақ мүшесі қандай жағдай болмасын: қарқынды еңбек барысында да, мерейлі отбасы аясында да ұжымның қолдау көрсетіп, жанашыр қалқан болатынын анық біледі.

Қорыта айтқанда,кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Табысты және мықты мемлекеттің алтын діңгегі – еңбекте жетістігі мол адам болып табылатын болса, ол – Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Марта Жалғасқызы Асанова. Ол бастаған іскер ұйымның алға қойған мақсаты мен міндеті айқын. «Мәңгілік Ел» болуға ниетті Отанымыздың тәуелсіздік тұғырын биік\тетіп, мемлекет мерейін асыруға, татулықтың тағылымын ұлықтауға, береке бастауы бірлік екенін ұжым арасында дәріптей жүріп, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына жаңа серпіліс жасай алатынына мектеп ұжымының сенімі мол.