Таланттарды түлеткен өнер ордасы

“Қазақ ұлттық өнер университеті” РММ 1998 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен ашылды. Сол жылдан бері университет ректоры – халық әртісі, профессор Мұсаходжаева Айман Қожабекқызының басқаруымен ұжым ұйымшылдығымен және достығымен, моральдық-эстетикалық көзқарасымен, бір-біріне деген өзара құрметімен ерекшеленеді. Оқу ордасы ашылған жылдан бастап жергілікті кәсіподағы да құрылады.

«Біз барлық қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарға сай, салық пен есептіліктің барлық түрлерін жүргіземіз. Кәсіподақ активінің құрамында 10 адам бар. Биыл ұжымдық шарт жаңартылды. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы жіті қадағаланады. Қазіргі таңда университетте еңбек ететін 935 оқытушы мен қызметкерлердің 42%-ы кәсіподақ мүшесі болып табылады»,-дейді ҚазҰӨУ жергілікті кәсіптік одағының төрайымы және бөлім басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Аймақова.

А.Аймақованың кәсіподаққа төрағалық еткен соңғы бес жылда мүшелікке кіру 240-тан 405 адамға дейін өскен. Ол жарты жыл сайын кәсіподақ мүшелері алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп отырады.

Жергілікті кәсіподақ активі ғылыми кеңес, тәртіптік кеңес, тұрғын үй комиссиясы жиналысына мүшелік етіп, ректорат, педагогикалық кеңес құрамында белсенді жұмыс істейді. Кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек беріп, курорттық-санаторлық демалысқа сапарларды ұйымдастырып, санаторлық емделуге материалдық қолдау көрсетіп, зейнет жасына толған мерейтой иелері мен кәсіподақ мүшелерін салтанатты құттықтау, мерекелік іс-шаралар мен әлеуметтік акциялар өткізіп отырады.

А.Аймақова айтуынша, жергілікті кәсіподақтың жылдық жоспары оқу жылы бойынша қыркүйектен маусымға дейін құрылады. Жыл сайын қыркүйек айында балалары бастауыш мектепте оқитын жас және көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында “Біз мектепке бардық” акциясы ұйымдастырылып, биыл 50-ге жуық отбасыға кеңсе тауарларының жиынтығы берілген.

Сондай-ақ, пандемиямен күресу кезеңінде үш медициналық мекеменің алдыңғы шепте жүрген дәрігерлері мен медбикелеріне арналған азық-түлік пакеттері таратылыпты.

Оқу ордасында кәсіподақ мүшелерінің салауатты өмір салтын қолдау мақсатында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, жаттығу залында үстел теннисі мен волейболдан спорттық турнирлер өткізіліп тұрады. Жергілікті кәсіподақ белсенділерімен “йога клубы” ашылды.

2020 жылы А. Аймақова “Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” ҚБ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының “Еңбек даңқы” орденімен және елордада әлеуметтік жобаларға белсенді қатысқаны үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Біздің ұжымда әкімшілік пен кәсіподақ ұйымы арасындағы өзара іс-қимыл мен түсіністік бар, бұл алға қойылған жаңа мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді А.Аймақова.