«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымымен кездесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн-кездесу болды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Алматы облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Хаймулданов, сонымен қатар университет қызметкерлері қатысты.
Жиналысты ашқан Кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов Алматы облысында салалық кәсіподақтардың 12 аймақтық филиалы бар екенін, олардың құрамына жалпы саны 90 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар 908 бастауыш ұйымдар кіретінін айтты.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма мүшесі – жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев университеттің қазіргі жұмысы мен бастауыш кәсіподақ ұйымымен бірлескен жұмыс туралы айтты.
Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 1972 жылы 25 қазанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылды.

“Мекеме университеттердің Еуразиялық қауымдастығының толық мүшесі, Еуропалық университеттер қауымдастығының жеке ассоциацияланған мүшесі, Қазақстан ЖОО қауымдастығының, EURASS академиялық және халықаралық ынтымақтастықтың Еуразиялық одағының мүшесі, БҰҰ “Академиялық ықпал” бағдарламасы мен техникалық мамандық студенттерінің алмасу жөніндегі халықаралық қауымдастығының мүшесі. 2008 жылы университет Университеттердің Ұлы Хартиясы (Болонья) құрамына қосылды. 2018 жылдан бастап университет аймақтық QS World University Rankings: Emerging Europe and Central Asia 2020 бойынша дамушы Еуропа мен Орталық Азияның үздік университеттерінің ТОП-250-300 (аймақтағы 2900 университет) тізіміне енді. Әлемдік университеттер рейтингі: дамушы Еуропа мен Орталық Азия 2020. Халықаралық ынтымақтастық Еуропаның, Азияның және Американың 72 шетелдік университеттерімен жүзеге асады”, – деді Болат Сериев.

Университет құрамында 7 факультет, 22 кафедра, колледж, «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығы, биотехнология проблемалары ғылыми-зерттеу институты, StartUp Academy ZhU, «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығы, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығы, IT -зертхана бар.
Оның айтуынша, жарты ғасырға жуық уақыт ішінде университет жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар 52175 маман дайындады.

Оқу орнындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу туралы университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Хаймулданов баяндады.

«Кәсіподақ ұйымы университет ашылғаннан бері жұмыс істейді. Университетте 765 адам жұмыс істейді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Биыл мекеме 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қойды»,-деді Ерлан Хаймулданов.

Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын жақсарту бойынша елеулі жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар, оның айтуынша, университет басшылығымен бірге кең ауқымды шаралар өткізілуде, олардың белсенді қатысушылары кәсіподақ сыйлықтарымен ынталандырылады.

Кездесу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Мұқашева білім саласындағы оң өзгерістерге тоқталды.

«2020 жылы кәсіподақтың қолдауының арқасында заңсыз жұмыстан шығарылған 63 адам жұмысқа қайта орналасты. Ел Президенті өзінің биылғы Жолдауында ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы бастаманы және бюджеттік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын ұсынғаны қуантады», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Іс-шараны қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ҚРКФ басшылығы мен еңбек ұжымдары арасындағы кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 300-ден астам кездесулер өткізілді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жұмысшылардың мәселелерін тікелей байланыста білуге ​​және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Жалпы, Нұрлан Өтешев мекемеде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

«Университет басшылығы мен кәсіподақ комитеті қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін айтарлықтай жұмыс жасады. Біздің ойымызша, бұл әлеуметтік әріптестік аясындағы жақсы үйлестірілген жұмыстың нәтижесі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде күш пайда болады, барлық мәселелер тиімді шешіледі», – деп қосты ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы