Елордада «Еңбек күні» аясында акция өтті

Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының белсенділері «Кәсіподақ – сенің қорғаушың!» атты ақпараттық қолдау акциясын «Әсем» сауда орталығында өткізді.

Аталған мерекенің басты мақсаты – Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру болып табылады.

Акция «Әсем» сауда орталығының әкімшілігі мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Зарина Малсағованың қолдауымен ұйымдастырылды.

Мерекелік акция барысында ұйымдастырушылар сауда орталығының сатушылары мен келушілерін келе жатқан мерекемен құттықтап, Қазақстан Кәсіподақтарының қызметі, ел дамуындағы еңбек адамдарының рөлі мен орны, олардың мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан практикалық жұмыстар туралы үгіт – насихат жұмыстарын жүргізді.

Тұрғындарға кәсіподақтардың қызметі туралы ақпараты бар буклеттер және «QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетінің мерекелік шығарылымы таратылды.

Қала тұрғындары ұйымдастырушыларға еңбек мерекесімен құттықтағандары үшін алғыстарын айтып, кәсіподақтардың еңбек адамдарына көрсететін қолдауы мен қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдіріп, осындай акцияларды жиі өткізуге ұсыныстарын жеткізді.