Кәсіподақ бастауыш ұйымды мерейтойымен құттықтады

Қазақтың тұңғыш кәсіби музыканты, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Ғылым академиясының өнер саласындағы академигі, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Қуанұлы Жұбановтың есімін иеленген Ақтөбе музыкалық колледжі өзінің жартығасырлық мерейтойын атап өтті.

1971 жылы іргетасы қаланған қасиетті білім ордасы, міне, 50 жылдан бері талай шәкіртті қанаттандырып, кәсіби музыка мамандарын даярлап, таланттарға жол ашып келеді.
Өнер орталығында өткен салтанатты кешке А.Жұбановтың қызы, академик Ажар Жұбанова, оқу орнын әр жылдары басқарған азаматтар, колледж ұстаздары, бүгінгі күні еліміздің өнер әлемінде ойып тұрып орын алған жұлдызды түлектер, өнер майталмандары және шығармашылық ұжым өкілдері қатысты.

Ақтөбе өңірінің мәдениеті мен білім саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан іргелі оқу орнының ұжымын облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы да құттықтап, салалық кәсіподақтың жоғары наградаларын табыс етті. Музыкалық колледж директоры Аманжол Исмағұлов «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ-нің «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» алтын белгісімен, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Дабылова салалық кәсіподақтың «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» күміс белгісімен марапатталды. Ал облыстық білім кәсіподағы тарапынан білім ордасының ұжымына қаржылай қолдау көрсетілді.