Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды

Жұмыскерлердің мүдделерін қорғау, олардың құқықтарының сақталуын қоғамдық түрде бақылау, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, еңбек дауларын шешу – бұл кәсіподақ ұйымының басты міндеті. Осы орайда, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 10 қазан – кәсіподақтар күні қарсаңында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымында кездесу өтті. Кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қадыржан Панбаев, кәсіподақ мүшелері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақтар тарапынан қолға алынған бірқатар тың жобалармен бөлісті.

Бауыржан Ілімшеұлы алдымен, пилоттық жоба Электрондық кәсіподақ билеті бойынша ақпарат берді. Электрондық кәсіподақ билеті – кәсіподаққа мүшелікті куәландыратын жеке сандық карта. Билет кәсіподақ мүшеслеріне кәсіподақ ұйымдары серіктестерінің желісінде тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер түрінде преференциялар алуға мүмкіндік береді. ЭКБ барлық кәсіподақ ұйымдары үшін бірыңғай түрге ие. Басым серіктестер: Авто жанармай бекеттері, супермаркеттер, автобус парктері, дәріханалар, спорттық және сауықтыру мекемелері және т. б. желілері. Электрондық кәсіподақ билеті оны алған сәттен бастап пайдалануға дайын және қосымша белсендіруді талап етпейді.

Бұдан кейін, Бауыржан Ілімшеұлы қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелеріне арналған ресми қосымша SMART KASIPODAQ бойынша ақпараттандырды.

SMART KASIPODAQ қосымшасын Play Market қосымшасынан жүктеуге болады.

SMART KASIPODAQ:
– елдің барлық кәсіподақтарын;
– әр кәсіподақтың қызметі туралы жедел ақпарат;
– еңбек қатынастары мәселелерінде онлайн көмек;
– кәсіподақ қызметтерін пайдалану;
– еңбек мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық ақпараттар;
– бүкіл ел бойынша серіктестерден жеңілдіктер алуға арналған маркетингтік құралдарды қамтиды.

Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының қатысу үлесі бар шипажайларына баратын кәсіподақ мүшелерінің сауықтыруын және оқытуын біріктіруге бағытталған «Ем ал! Дем ал! Білім ал!» жобасы таныстырылды.

Жоба аясында кәсіподақ мүшелері 10 күн ішінде қазіргі заманға сай оңалту процедураларын қабылдайды әрі Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінен жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіне қатысты 10 түрлі тақырып бойынша дәріс алады.

Білім беру-сауықтыру жобасы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында пилоттық режимде жуырда іске қосылады. Ал 2022 жылдан бастап тың тәжірибе кәсіподақтық шипажайларға таратылады. ҚРКФ жоба арқылы бір күнтізбелік жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесін қамтуды жоспарлап отыр.

Жиын барысында кәсіподақ мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді.

Кездесу соңында Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы өндірістік емес төлемдер бөлімінің бас маманы, бастауыш кәсіподақ төрағасы Жарқын Қарабаев «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды.