“Ботақан” – бақытты балалық шақ ордасы

Елордадағы №80 «Ботақан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақтың рөлі мен беделін, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізеді.

Бұл мекеменің барлық қызметкерлері кәсіподақ ұйымының құрамында. Қазіргі таңда ұжымда 40 қызметкер еңбек етеді, соның 60%-ын жастар құрайды.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы құқықтық қорғау жұмыстары бойынша еңбек заңнамасының және ұжымдық шарттың талаптарын сақталуына байланысты қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар ұйымдағы кәсіподақ мүшелеріне туындаған құқықтық мәселелер бойынша көмек көрсетіліп отырады. Жеке еңбек дауларын қарау жөнінде келісу комиссиясы тұрақты негізде жұмыс жасайды.

Балабақшадағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңес кәсіподақтың техникалық еңбек инспекторымен өзара бірлесіп қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерінің қадағалануына бақылайды.

Ұжымдық шартқа сәйкес Кәсіподақ комитетінің төрағасына – бес күнтізбелік күн, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор мен есепшіге үш күнтізбелік күн жыл сайынғы ақылы демалыс беріледі.

№80 “Ботақан” балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марал Әділбекқызы Сатпаеваның айтуынша, ұжым мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастыру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Атап айтқанда, жылдың ірі оқиғасына бағытталған іс-шаралар, мерекелік қойылымдар, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі сайыстар мен балабақша тәрбиешілері мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасын нығайтуға негізделген жиындар жиі өткізіліп тұрады. Мұндай мәдени-бұқаралық шаралар тек атаулы даталарды ұлықтау ғана емес, сондай-ақ ұжым мүшелерінің қарым-қатынасын нығайтып, ортақ мүдде үшін аянбай еңбектенуіне сеп болары анық дейді.
Балабақша ұжымының мүшелері жыл сайын санаторлық-шипажайлық емдеу және сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Бұл – кәсіподақ ұйымына мүше әрбір қызметкер үшін жасалып жатқан үлкен қолдау деуге болады,- дейді М.Сатпаева.

Жастар саясатын жүзеге асыру бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі қызметінің бірі болып қала береді. Аймақтық келісімде, ұжымдық шартта жастардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек кепілдіктері бекітілген. Жастар арасындағы кәсіподақ мүшелігінің мотивациясына үлкен көңіл бөлінеді. Біз жастарсыз кәсіподақ қозғалысын жаңғырту және кәсіподақтың кадрлық саясатын жетілдіру мүмкін емес деп санаймыз деп атап өтті М. Сатпаева.

Балабақшадағы жас педагогтар жыл сайын мұғалімдер күніне орай «Әділет» кәсіподағы мен Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасымен бірлескен «Үздік жас педагог» байқауына белсенді қатысып отырады. «Әділет» Кәсіподағының Мәскеу және Минск білім беру кәсіподақтарымен қол қойылған Меморандумдар аясында жас педагогтар халықаралық деңгейде өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Осылайша, жас педагогтар-кәсіподақ мүшелері «Педагогикалық старт – 2020» халықаралық шығармашылық жұмыстар байқауына белсенді қатысты. Сонымен қатар 2021 жылы Мәскеу қалалық кәсіподағының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық жас педагогтар арасындағы «Общайся! Создавай! Применяй!» байқауына қатысқандары үшін марапатталды.

2020 жылы «Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының үздік бастауыш ұйымы» байқауында «№80 Ботақан балабақшасы кәсіподақ ұйымы» I орынға ие болды.

Ал, жуырда ғана Түркістан қаласында өткен “Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы” республикалық байқауында бастауыш кәсіподақ ұйымы III орынды жеңіп алды.