Дәуірдің дара ұстазы

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Даришева Түймеш Малбағарқызының мерейтойына арналған “Дәуірдің дара ұстазы” атты салтанатты құттықтау шарасы өтті.

Еңбек өтілінің 30 жылдан аса бөлігін университетке, шәкірт тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Түймеш Малбағарқызы Даришева 60 жасқа толды. Осы уақыт ішінде сан мыңдаған студентті тәрбиелеп, үлкен өмірдің табалдырығын аттауға медеу болып, олардың биік белестерді бағындыруына себепші болып келді.

Шәкірт тәрбиелеуде көрсеткен үлгілі қызметі мен өнегелі тәрбиесі үшін “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері”,”Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен” марапатталған.

Түймеш Малбағарқызы ұстаздар мен студенттердің мүддесін қорғай отырып, кәсіподақ саласындағы белсенді қызметі үшін шара барысында Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы төрайымы Айгүл Есекенова алғыс білдіріп, құттықтау хаты мен “Сарыағаш” санаториіне жолдама табыстады.