Еңбек адамы – халық мақтанышы

Әлемді жайлаған жұқпалы індетпен күресуде ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор! Адам өмірін қорғауда өз басын қауіп-қатерге тігіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Осындай қиын уақытта адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай, өз антына адал дәрігерлердің еңбегі ерекше. Біздің дәрігерлердің жанқияр еңбегінің арқасында көптеген адамдар өз отбасына қайта оралуда. Көптеп алғыс арқалаған ақ халатты жандардың бірі – Әлиев Хабидулла Ибадуллаұлы.

Әлиев Хабидулла Ибадуллаұлы 1964 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. Жосалы кентінің 105-ші орта мектебін бітіріп, 1982-1992 жыл аралығында Алматы мемлекеттік медициналық институтының педиатриялық факультетінде педиатрия мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1987-1989 жыл аралығында отан алдындағы әскери борышын өтеген. 1992-1993 жылдары Қызылорда облыстық туберкулезге қарсы диспансерде дәрігер-фтизиопедиатр мамандығы бойынша интернатурадан өткен.

Алғаш еңбек жолын 1993 жылы тамыз айынан бастап, Қармақшы аудандық туберкулезге қарсы диспансерде дәрігер-фтизиопедиатр болып қызметін бастаған. Алдынан талай науқас дертіне шипа тапқан білікті маман 2001 жылдан бері Қармақшы аудандық туберкулезге қарсы диспансер бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Бірінші санатты дәрігер-фтизиатр.

Отбасында жары Сарыбаева Парида Ергешқызы екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Жары Парида Ергешқызы Қармақшы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарады.

Балалары мектепті алтын белгімен бітірген. Үлкені Ибадуллаева Ақтоты Асфендияров атындағы медициналық университеттің үздік аттестат түлегі, қазіргі таңда Қармақшы аудандық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер. Ортаншысы Ибадуллаев Асқар ҚАЗҰУ қызыл диплом иегері, Қызылорда қалалық әкімшілігінде қызметте. Кенжесі Ибадулла Нұрсауле ҚАЗҰУ қызыл диплом иегері, жоғарғы бакалавр түлегі.