Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы атап өтілді

Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы төрайымы А.Есекенова «Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы С.Сүлейменмен бірге бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымдармен кездесті.

Батыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-ң бастауыш кәсіподақ ұйымы “Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2021” облыстық байқауының жеңімпазы. Ұжым құрамы – белсенді кәсіподақ мүшелері.

Айгүл Оразқызы кәсіподақ мүшелеріне еңбек қатынастарының әлеуметтік маңыздылығы жөнінде, елдегі короновирустық жағдайға байланысты жүзеге асатын қашықтан жұмыс жасау туралы заңнама бойынша, әлеуметтік әріптестік деңгейінде бірқатар шаралар жоспарын атап өтті.

“Әділ жұмыс орындары” ұранымен кәсіподақтардың жұмысшылардың құқығын қорғауға, жұмыс орындарынын сақтауға, қауіпсіз еңбек шарттарын құруға, жұмысшыларды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі жайында баяндады.

Сонымен қатар, жоспарға сәйкес “Қалың қалай, бастауыш ұйым?” республикалық акциясы аясында “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы ұжымымен кездесу өтті.

Кездесу барысында “Қызмет” кәсіподағы облыстық филиалы төрағасы С.Сүлеймен облыстық кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқығын қорғауда, олардың денсаулығын жақсартуда, еңбек заңнамасы талаптарының орындалуында жұмыстар жүргізіліп отырғанына, алдағы уақытта кәсіподақ өміріндегі күтілетін өзгерістерге тоқталып, алға қойылған мақсаттарымен бөлісті.

Шара соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күніне орай бірқатар кәсіподақ мүшелері Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.