Мұғалімдердің еңбегі атап өтілді

Мамандық атаулының төресі саналатын ұстаздық жолды таңдағандарға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды. Жылдағы дәстүр бойынша Еңбек күніне орай Жезқазған өңірінің Білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының бастамасымен сала үздіктері марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында қозғалған білім сапасын арттыру, ұстаздардың жалақысын көтеру, ғылымды қаржыландыру мәселелеріне қатысты берілген нақты тапсырмаларды таныстырған Жезқазған өңірінің Білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Марат Қоңырбаев пен Жезқазған қалалық білім қызметкерлерінің кәсіптік одағының ұйымы филиалының төрайымы Ләззат Күнеділова еселі еңбегімен дараланған Гаухар Жақыпбекованың, Гүлсім Аймақова мен Сәуле Ыдырысованың, Үмітжан Жасынбекова мен Орынкүл Кетебаеваның кеудесіне «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісін тағып, Әдемі Бегенова мен Алмагүл Әбдірахмановаға Жезқазған қаласының Құрмет грамотасын табыстады.

Марапат төрінен табылған ұстаздар елдің ертеңі үшін Жолдауда жүктелген ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізіп, өздеріне көрсетілген сый-құрметке алғыс білдірді.