Ардагерлер ардақталды

Мұғалімдер күні қарсаңында қалыптасқан дәстүр бойынша саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған, қазірде құрметті еңбек демалысындағы ұстаздар ұлықталды.

Жезқазған қаласының білім бөлімі басшысы Жеңіс Әлмағанбетов бастаған Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы мен Жезқазған қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы филиалы өскелең ұрпақты тәрбиелеу және олардың білімін жетілдіру жолында қажырлы еңбек еткен Балтабай Алтаев пен Бегайым Шертаеваны құттықтай барды.

Ұзақ жылдар бойы дене шынықтыру пәнінен сабақ берген Балтабай Алтайұлы шәкірттерінің салауатты өмір салтын ұстануын, дәйім спортпен шұғылдануын қатаң қадағалап, жастардың жеңіске деген талабын ұштап, чемпион болуға жігерлендірді.

Алдына келген ұл-қызды өз балаларынан кем көрмеген Бегайым Шертайқызы – химия пәнінің мұғалімі. 40 жыл бойы ұстаздықты жанына серік еткен педагогтің шәкірттері бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде абыройлы еңбек етіп, оның мерейін асқақтатып жүр.

Қос еңбек ардагерін құрметке бөлеп, сый-таралғыларын ұсынған кәсіподақ қызметкерлері алдыңғы толқын ағалардың өмір жолы кейінгілерге үлгі екенін тілге тиек етіп, ұлағатты ұстаздардың ақ батасын алды.

Жалпы, осынау мерейлі күні Жезқазған қаласында 40-тан астам білім саласы майталманы ардақталды.