Өзекті мәселелер қозғалды

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен Қарағанды облысының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясы жұмыс тобының отырысы өтті, онда 2021 жылдың І жартыжылдығында Қарағанды облысының әкімі, облыстық кәсіподақтар (қызметкерлер) бірлестіктері, облыстың жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Облыстық үшжақты Келісімнің орындалу барысы қарастырылды.

Қарағанды облысының әкімі – облыстық үшжақты комиссия төрағасы Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша Қарағанды облысының Кәсіподақтар Орталығы мен Жезқазған өңірінің Білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының бастамасымен ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыздандыру, білім беру, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына қатты отын сатып алуға 4 АЕК мөлшерінде өтемақы төлеу бойынша әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мәселесі енгізілді.

Жоғарыда аталған Ақтоғай ауданында тұратын және жұмыс істейтін қызметкерлерге 2020 жылы бұл төлемдер жүргізілмегені, ал Осакаров және Нұра аудандарында толық көлемде төленбегені белгілі болды.

Әлеуметтік мәселелерге жетекшілік ететін аудандар әкімдері орынбасарларының есептерін тыңдаған жұмыс тобының мүшелері ауылдық аудандардың әкімдеріне облыстық Келісімнің 6.11-тармағын орындау бойынша бар кемшіліктерді жоюды ұсынды.

Отырыста Қарағанды облысындағы коронавирустық инфекция пандемиясымен күрес бойынша ағымдағы жағдай туралы мәселе және оның перспективалары және басқа да бірқатар өзекті мәселелер қосымша қарастырылды.