Кәсіподақтар күні мерекесі атап өтілді

Достық үйінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күніне орай салтанатты шара өтті. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, кәсіподақ саласының ардагерлері, әр саладағы кәсіподақ төрағалары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары өкілдері қатысты.

Бүгінде БҚО кәсіподақтар орталығы 10 салалық және 14 жергілікті, 1000-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және 73000-нан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отыр.

Мерекелік шара барысында кәсіподақ мүшелерін құттықтау үшін сөз алған Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы төрайымы Айгүл Есекенова өз сөзінде:
«2019 жылы алғашқы рет Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен Үкіметтің шешімімен 10 қазан Қазақстан Республикасындағы мереке күндері тізіміне енгізілген болатын. Бұл кәсіподақтардың және олардың бірлестіктерінің рөлі мен маңыздылығын айқындайды. Еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамытуға жаңа серпін берді. Бұл күн кәсіподақтар қозғалысы үшін өте маңызды күн. Қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған әлеуметтік бастамалар мен өзекті міндеттерді жүзеге асыру – әрқайсымыз үшін маңызды. Кәсіподақтар әрқашан азаматтық қоғамның негізгі тіректерінің бірі болып қала береді» – деді.

Мерекеге орай, бірқатар кәсіподақ мүшелері мерекелік медальдермен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.