Кәсіподақ төрағасына құрмет көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейірім Қалауи облыстық кәсіподақтар бірлестігі ұжымына келіп, бірлестік төрағасы Ізтұрған Баймұхановты Қазақстан Кәсіподақтар күні мерекесімен және аталған бірлестіктің құрылуының он жылдығымен құттықтады.

М.Қалауи жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында алтын көпір саналатын облыстық кәсіподақ ұйымының атқарушы билікпен, қоғамдық-саяси ұйымдармен бір мақсат-мүдде негізінде әлеуметтік әріптестік принципін сақтай отырып, өңірде үлкен істер тындырып жатқандығын атап көрсетті.

«…Әділдік пен адалдықты ту еткен кәсіподақ ұйымы алға қарай да осы қарқынмен толағай табыстарға жете беруіне тілектестік білдіре отырып, Сізге және ұжым мүшелеріне зор денсаулық, бақ пен береке тілеймін!», – деді партияластар атынан құттықтауын табыстаған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Қалауи.

Өз кезегінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов мемлекеттік саясат аясында еңбек ұжымдарындағы түсініспеушіліктердің алдын-алу, бірлескен кәсіпорындар мен шетелдік компаниялардағы қазақстандық мамандардың үлесін арттыру, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстардың ұдайы жүргізіле беретіндігін тілге тиек етіп, партия жетекшісіне ризашылық сезімін жеткізді.

Сондай-ақ, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов те Кәсіподақ үйіне келіп, басқарма атынан бірлестік төрағасы Ізтұрған Баймұхановты Кәсіподақтардың кәсіби мерекесіне орай құттықтауын табыс етті.

Аталған мерекеге орай құттықтау жеделхаттары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сағындық Лұқпановтың, Ғұмар Дүйсембаевтің, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинның, облыстық мәслихаттың хатшысы Әлібек Нәутиевтің, аймақтағы ірі мұнай өндіру компаниялары – «Теңізшевройл», «НКОК» және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ұжымдары атынан да келіп түсті.