Мұнайшылар талабы – кәсіподақ назарында

Қытайлық инвесторларға қарасты бұрғылау компаниясының жұмысшылары жергілікті кәсіподақ ұйымы жетекшісінің жұмысына көңілі толматындықтарын білдіріп, аумақтық бірлестікке шағым түсірген болатын. Жиында сол шағым жан-жақты талқыланды.

Жергілікті кәсіподақтың есеп-беру жиынында төрағасы атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Алайда, оның жұмысына лайықты баға берілмеді. Жиынға Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ салалық кәсіподағының төрағасы Жанжарық Күзембаев және Салалық кәсіподақ төрайымы Елена Мустафина қатысты.

Аумақтық бірлестік төрағасы А.Әмірғалиев мұнай сервистік компания жұмысшыларының еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдемелерге қарасты көкейіндегі ойларын тыңдады. Олардың басты мәселесі – жалақыға байланысты.

«Біз қарапайым еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғайтын кәсіподақ екенін, оның әлеуметтік әріптеспен жасалған ұжымдық шартқа орай көп бастамаларды іске асыра алатынын жеткіздік. Жұмысшылардың талап-тілектеріне дер кезінде құлақ асуымыз маңызды. Әсіресе, қазіргі кезде жалақыны индексациялау мәселесін шешуге күш жұмылдыру керекпіз», – деп атап өтті аумақтық бірлестік төрағасы А.Әмірғалиев.

Жиында жұмысшылардың екінші талабы – кәсіподақтың сайлау конференциясын өткізіп, басқа белсенді жетекшіні сайлау. Бұл жұмыстар алдағы жылдың қаңтар айына қалдырылды.

“Восток нефть и сервисное обслуживание” жауапкершілігі шектеулі серіктестік – “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” компаниясының тапсырысымен Ақтөбе облысындағы бірнеше кеніште мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады.