“Қалың қалай, бастауыш ұйым?”: ҚРКФ басшылығы Батыс Қазақстан облысындағы «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны ұжымымен кездесті

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бейнеконференция арқылы Батыс Қазақстан облысының  «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

 «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны – агро өнеркәсіп, құрылыс және мұнай-газ саласы мамамандарын даярлайтын еліміздегі беделді оқу орындарының бірі.

Колледждегі бастауыш кәсіподақ ұйымының  төрайымы Айнұр Қайырлиеваның айтуынша, қазір  колледжде 221 қызметкер жұмыс істейді. Олардың  175-і яғни 79%-ы кәсіподаққа  мүше. 2006 жылдан Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағының құрамында болған. 2016 жылдан бері Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық  ұйымының құрамында.

Айнұр Қайырлиева айтып өткендей, кәсіподақ ұйымының жұмысы жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Кәсіпорында 2019 жылы 2022 жылдың 19 ақпанына дейінгі мерзімге жасалған ұжымдық шарт бар. Оның  мерзімі жаңа тариф қабылданғанға дейін ұзартылды. Ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес жұмыскерлерге бірқатар әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, жұмыс өтіліне байланысты емдік жәрдемақылар, зейнеткерлік жасқа жету бойынша материалдық көмек, қызметкерді және жақын туыстарын жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы, 50, 60 жасқа толған мерейтой иелерін құрметтеу, зейнеткерлік жасқа толғанда, қызметкерді және жақын туыстарын жерлеуге, ерекше жағдайларда ұзақ, ауыр сырқаттарда, көп балалы отбасыларға, ата-анасының біреуінің болмауы кезінде біржолғы қайырымдылық көмек, шипажайға жолдама құнының 50 %-ын өтеу, емдеу-сауықтыру жолдамаларын беру, спорттық-сауықтыру және мәдени-бұқаралық іс-шараларын өткізу, кәсіподақ комитеті мен кәсіподақ мүшелерін оқыту, магистратура  оқу ақысын төлеу, оқу жылы аяғында жыл бойы істелген жұмыстарының  қорытындысын   анықтайтын рейтинг картасының жеңімпаздарын марапаттау, әр түрлі деңгейдейгі байқау жеңімпаздарың марапаттау бар.

Сонымен қатар, кәсіпорында тепе-теңдік негізде келісім комиссиясы мен өндірістік кеңес жұмыс істейді.

Кездесуге қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының  «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік  қазыналық  кәсіпорыны  директоры   Серік  Мұхамбеталиев пен еңбек ұжымы және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Марат Даупаев   кәсіподақ ұйымының жұмысына жоғары баға берді.

Ал Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрайымы Айгүл Мұқашева «Білім ордасындағы оң көрсеткіштерден ынтымағы жарасқан ұжым екенін әрі әлеуметтік әріптестіктің жақсы жолға қойылғанын бағамдауға болады. Бұл тұста кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін  қорғауда облыстық кәсіподақтың да қарқынды жұмыс істеп отырғанын айта кетуіміз керек»,-деді.

Оның айтуынша, салалық кәсіподақ былтыр  сала қызметкерлерінің дұрыс есептелмеген 1,4 млрд теңгесін қайтарып берген.

«Биыл бірінші жартыжылдықта ұстаздарға 191 млн теңге қаржысын қайтартып бердік. Былтыр жұмыстан заңсыз шығарылған 263 кәсіподақ мүшесін, биыл 24  мүшені жұмыс орнына қайтардық. Бұл бірінші кезекте бастауыш кәсіподақтардың еңбегі. Сондықтан сіздерге қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды айтамын»,- деді Айгүл Мұқашева.

Салалық кәсіподақ төрайымы кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің алдында тұрған қазіргі басты міндет – кәсіподақ кадрлары арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру және  құқықтық сауатты арттыру екенін ескертті. Сонымен қатар, биыл үш жақты келісімге қол қойылып, оған бұрын-соңды болмаған нормалардың енгізілгенін және саладағы медбике, кітапханашылар, есепшілер және техникалық персоналдың көптен бері көтеріліп келе жатқан  жалақы мәселесінің де шешімін тауып жатқанын жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев  те «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ұжымындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жоғары бағалады.

«Бастауыш –  кәсіподақ қозғалысының негізі. Бүгінгі кездесу әлеуметтік әріптестік жүйесінің іс жүзінде қалай жемісті жұмыс жасап отырғанын көрсетіп берді.  Бұнда әлеуметтік әріптестіктің әр тарапының  үлесі бар»,-деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Нұрлан Өтешев  сонымен қатар, бюджеттен қаржыланатын азаматтық қызметкерлердің  жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетінін еске салды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің стратегиялық дамуын айқындайын жылдың басты құжаты – Қазақстан халқына Жолдауындағы бұл бастамада кәсіподақтардың ерекше рөлі бар екенін атап өтті.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда. Өздеріңіз білесіздер, таяуда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының  форумы болып өтті. Онда бастауыш кәсіподақтар ұйымдарының алдында тұрған міндеттер айқындалды.  Алайда стратегиямен ұштасқан ол міндеттердің табысты орындалуы әрбір кәсіподақ ұйымының белсенділігі мен әр түрлі деңгейдегі кәсіподақ органдарының жұмыла жұмыс істеуіне байланысты»,-деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы