Азаматтық ресурстық орталық ашылды

Шымкент қаласында Азаматтық ресурстық орталық ашылды. Орталықтың ашылуына Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысып, орталықтың жұмысымен танысып шықты.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев азаматтық қоғам институттары белсенділігінің арқасында билік пен қоғам арасында тығыз байланыс орнатып, алтын көпірге айналса, түрлі әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал ететінін жеткізді.

Сондай-ақ, Бауыржан Ілімшеұлы орталықтың ашылуымен құттықтап, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбековке қаладағы кәсіподақ мүшелері атынан сый-сияпат табыстады.

Жаңа орталық үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және осындай бірлестіктерді жаңадан құрғысы келетін белсенді азаматтарға қолдау көрсету бағытында қызмет атқарады.