Батыс Қазақстан облысында ұстаздар арасында тоғызқұмалақ пен шахматтан турнир өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ҚР Кәсіподақтар күнін мерекелеу аясында №1 орта мектепте Орал қалалық мектептерінің кәсіподақ мүшелері арасында тоғызқұмалақ пен шахматтан турнир өткізілді.

Турнирдің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Марина Темірғалиева, №1 ЖОББМ директоры Төлеген Тамешев қатысып, турнир қатысушыларына жоғарғы көрсеткіш, ал жеңімпаздарға – облыстық жарыстарға қатысуға тілек білдірді.

Жарыстың бас төрешісі Жарқын Тайшыбаевтың айтуынша, турнирге 10 команда қатысты. Жарыс Швейцария жүйесі бойынша әйелдер мен ерлер арасында жеке өткізілді. Әр командадан 1 ер адам, 1 әйел адам қатысты. Жеке турнирлердің жеңімпаздары ең көп ұпай саны бойынша анықталды. Екі және одан да көп қатысушылардың ұпайлары тең болған жағдайда жеребе бағдарламасына енгізілген коэффициентпен шешілді.

Турнир жеңімпаздары облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз ұстаздар 15 қазан күні облыстық турнирге қалалық мектептер атынан қатысады.