«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Батыс Қазақстан облысындағы №5 қалалық емхана ұжымымен кездесті

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясындағы кездесулер жалғасуда. Бүгін Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші  орынбасары Мұхтар Тінікеев Батыс Қазақстан облысының №5 қалалық емханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

Бейнеконференция арқылы өткен кездесуге емхананың еңбек ұжымы, Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Рита Галимова, директоры Тимур Әжіғалиев,  «Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова, «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Батыс-Қазақстан облысы филиалының төрағасы Махамбет Құсайынов қатысты.

№5 қалалық емхана «100 мектеп, 100 аурухана құрылысы» бағдарламасы бойынша 2010 жылы салынған. Заманауи типтік емхана  ересектер мен балаларды қабылдауға арналған 2 бөлімнен  тұрады. Емханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Рита Галимованың айтуынша, 437 жұмысшы жұмыс істейді. Оның 430-ы яғни еңбек ұжымының 98,3% -ы кәсіподаққа мүше. Бастауыш кәсіподақ ұйымы «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Батыс-Қазақстан облысы филиалының  құрамында. Кәсіподақ ұйымының жұмысы емхана директор Тимур Әжғалиевпен 2020-2022 жылдарға арналған ұжымдық келісім мен әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылады.

«SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Батыс-Қазақстан облысы филиалының төрағасы Махамбет Құсайыновтың сөзінше, облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны 12 555. Өңірлік келісімге былтыр қол қойылған.

Емхана директор Тимур Әжіғалиевтің айтуынша, еңбек ұжымының  басты проблемасы –  дәрігерлерге біліктілік санаттарын берудің  тоқтатылуы.  Саладағы бұл өзгеріс 2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап қолданылып келеді.

 

«Биыл  дәрігерлердің жалақысы өсті. ҚР Президенті Үкіметке дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен арттыруды тапсырған болатын. Алайда өсім санатқа байланысты. Санаттардың алынып тасталуы кесірінен Президент тапсырмасы орындалмауы мүмкін. Біз шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болғандықтан жалақыны өзіміз тағайындаймыз.  Бірақ жалақы қорына талдау жүргізгенде 22  дәрігердің санат  мерзімі биыл аяқталатынын анықтадық. Сондықтан Байқаушылар кеңесінің  қатысуымен арнайы жиналыс өткізіп, олардың жалақысын жыл соңына дейін сақтап қалуды шештік. Жалақыны жоспарлағанда біз санат пен еңбек өтіліне қараймыз. Оларға келесі жылы жалақыны қазіргі қалыпта төлеуге мүмкіндік болмайды. Ал оны  есептеудің жаңа жүйесі әзірге жоқ яғни мемлекеттік органдар еңбекке ақы төлеу жүйесін дұрыс жасамаған.  Бұл бізді алаңдатып отыр. Кесірінен дәрігерлер жеке секторға ауыса бастайды. Ал бұл өз кезегінде емханада көрсетілетін қызметтер сапасының төмендеуіне алып келуі мүмкін», – деді емхана басшысы.

Емхана басшысының жанайқайын  кездесуге қатысқан сала өкілдері де қуаттады.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев короновируспен күрестің алғы шебінде жүрген денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне күнделікті жанкешті еңбектері үшін федерация атынан алғысын білдіріп, аталған мәселенің федерация күн тәртібіне алынатынына уәде берді. Бұдан соң  ҚРКФ органдары құрамындағы соңғы өзгерістер мен еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша стратегиялық міндеттердің қалай жүзеге асырылып жатқанын әңгімелеп берді.

«Өздеріңіз білесіздер, биыл 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісім бекітілді. Жаңа келісімді жасауда алғаш рет елдегі барлық республикалық кәсіподақтар бірлестіктері  күш біріктірді.  Қазір ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен ұлғайту мен жалақыны индекстеуді заңнамамен бекіту үшін Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын  қабылдау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестіктің қолданылу аясын кеңейтіп, үшжақты комиссиялардың  мәртебесі мен жұмыстарының тиімділігін арттырып, өзара іс-қимылды күшейту үшін өңірлердегі комиссияларды облыс әкімдерінің басқаруын ұсындық. Бұл ұсынысымыз қабылданып, Президент пәрменімен аталған комиссияларды қазір облыс әкімдері басқарып отыр»,-деді Мұхтар Тінікеев.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары таяуда Бастауыш кәсіподақтар ұйымдары форумында  төраға тарапынан айтылған «ұжымдық келісім тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты болуы керек»  деген ұстанымды еске салды. Сонымен қатар,  халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жұмыскерлердің  еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында федерация жанынан Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша екі жұмыс тобының құрылғанын айтты. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер барысында кәсіподақ мүшелері тарапынан түскен ұсыныстардың жұмыс тобы мен ҚР Парламенті Мәжілісіне сайланған үш кәсіподақтық депутаттарына жіберіліп, шешімін табу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Естеріңізге салып өтейік, ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы бастауыш ұйымдарды қолдау мен   еңбек ұжымдарымен «кері байланыс» жүйесін құру үшін қолға алынған болатын. Акция кәсіподақтардың қарапайым мүшелеріне федерация басшылығы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары,  мемлекеттік органдар өкілдері, жұмыс берушілерге өздерін мазалаған сұрақтарды тікелей қоюға  мүмкіндік береді.  Бүгінгі күнге дейін  акция аясында 370-ке жуық бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн кездесу ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелері  тарапынан 400 -ден астам сауал түсті.