Байғанин ауданында үшжақты комиссияның көшпелі отырысы өтті

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия мүшелерінің қатысуымен Ақтөбе облысының Байғанин ауданында комиссия отырысы өтті. Комиссия жұмысына Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.

Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бастамасымен аудандарда ұйымдастырылған комиссия отырыстарында жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмыскерлердің еңбек қатынастары меселелері талқыланды. Комиссия отырысына мұнай газ компанияларының жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Байғанин ауданы аумағында 15-ке жуық мұнай газ кәсіпорындары жұмыс жасайды. Жалпы барлығы 1035 жұмысшы бар. Олардың 153, яғни 15 пайызы ғана жергілікті тұрғындар. Үшжақты комиссияның көшпелі отырысында жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және өндірістік кеңес құру жайы жан-жақты айтылды.

«Байғанин ауданы аумағындағы кәсіпорындардың тек 3-уінде ғана өндірістік кеңес құрылған. Қалғандарында әлі жоқ. Өндірістік кеңес жазатайым оқиғаларды болдырмау, оның алдын-алу мақсатында құрылады. Мәселен, жыл басынан бері Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалардан 17 адам түрлі жарақаттар алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Өткен жылы 11 болған. Сондықтан, өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру керекпіз. Және ең бастысы – ұжымдық шарт. Ұжымдық шарт кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың негізгі құралы болып табылады. Сондықтан олардың мазмұнына және сапасына ерекше назар аудару керек. Қолданыстағы ұжымдық шарттардың ережелері, әсіресе, еңбекақы төлеу саласында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауды өзгертіп, олар жаңа әлеуметтік пакеттермен және кепілдіктермен толықтырылуы қажет», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А. Әмірғалиев.

Байғанин ауданында жыл басынан себепсіз жұмыстан босату, еңбек қызметімен байланысты жазатайым жағдайға ұшырау жағдайлары тіркелмеген. Аудан аумағында шетелдік инвесторлардың мұнай және мұнай сервистік компаниялары жұмыс жасайды.

«Еңбек дауларын шешу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек жағдайларын жақсартуға қолдау көрсету – кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыты. Біз әлеуметтік әріптестермен жергілікті жердегі еңбек қатынастары мәселелерін қарастыру мақсатында аудандарда комиссияның көшпелі отырыстарын жиі өткізудеміз», – деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы А. Әмірғалиев.

Жиын соңында хаттама қабылданды. Соған сәйкес жұмысберушілерге әлеуметтік әріптестік аясында жауапкершіліктер жүктелді.