Ардагерлерге құрмет көрсетілді

ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында қазыналы қарттар күнінен бастап жылулыққа толы қазан айы әдемі істермен жалғасуда. Биылғы күз ардагерлер үшін жылы жүздесумен есте қалары сөзсіз.

Қарттар күнінде кәсіпорын директоры Азамат Бектібаев Ардагерлер кеңесіне арнайы барып, өмірлерін өндіріске арнаған зейнеткерлермен кездесіп, әдемі әңгіме өрбітті. Оларды мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жолдады.

Кездесуде директор комбинат ардагері Серік Байтұрсыновты «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Пандемия салдарына байланысты кездесуге тек екпе алған зейнеткерлер қатыса алды.

Сондай-ақ, кәсіподақ комитетінің төрайымы Раушан Бекмуханова бастаған ұжым да Ардагерлер кеңесін құрметке толы мерекелерімен құттықтап, тамаша көңіл-күй сыйлады. Бүгінгі күні есепте тұрған 1384 комбинат ардагері назардан тыс қалмай, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Ардагарлеріне қашанда құрмет көрсету – кәсіпорынның үзілмес дәстүрі. Дөң тау-кен байыту комбинатында зейнеткерлермен қоса, көмекке мұқтаж жандардың тілегі орындалды. Ардагерлер кеңесінің есебінде тұрған 51 жастағы зейнеткер Жайлаубай Саргубиновтің бұрынғы арбасы істен шыққан. Ол – екінші топтағы мүгедек. Кәсіпорыннан денсаулығына байланысты арба сұраған азаматтың тілегін комбинаттың кәсіподақ комитеті орындады.

Одан бөлек, күні кеше Жастар кеңесі 44 ардагерге азық-түлік жиынтықтарын жеткізіп берді. Әрине, бұл іс те комбинаттың кәсіподақ комитетінің мұрындық болуымен жүргізілді.
– «Қазхромның» жыл сайынғы акциясы тек құттықтау, сыйлықтар табыстаумен шектелмейді, – деді комбинаттың Ардагерлер кеңесінің төрайымы Наталья Латыпова. – Жастар зейнеркерлеріміздің үйіне барып, шаруашылық жұмыстарына көмектесіп келеді. Аулаларындағы шөпті жинап, үй іштерін реттеп, қолғабыс етеді. Үлкендердің алғысына бөленіп, жайдары күймен істерін тындырып жатады. Ризамыз.

Ал бүгін Дөң тау-кен байыту комбинатының 90 жасын қарсы алған үш ардагеріне кәсіпорын директоры Азамат Бектібаев пен кәсіподақ комитетінің төрайымы Раушан Бекмуханова арнайы құттықтап барды. Әр зейнеткерге теледидар тарту етіп, азық-түлік қораптарын табыстады.

Қарияларын қадірлеп, бар жылуды көрсеткен комбинаттықтарға олардың ризашылығы шексіз.

Арайлым Ғани