Кәсіподақтық онлайн білім марафоны:  Тағы 100 кәсіподақ мүшесінің кәсіби біліктілігі арттырылды

ҚР Кәсіподақ федерациясының онлайн білім марафоны кезекті тыңдаушыларын қабылдады. Бұл жолы марафон қатысушылары Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының кәсіподақ активтері болды.  Кәсіподақ қозғалысының идеологиясын ілгерілету мақсатында кәсіподақ кадрларының, кәсіподақ активінің және кәсіподақ мүшелерінің жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетін қалыптастыру –  федерацияның 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты стратегиясындағы басым бағыттардың бірі.

100-ге жуық кәсіподақ мүшесі қатысқан марафонның кезекті семинарын Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, тиімді басқарудың заманауи  технологиясы саналатын жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларын  түсіндіріп берді.

«Бүгінгі күні жобалық  басқарудың өзектілігі артып келеді. Жоба – бұл бірегей өнім жасау немесе қандай да бір нәтижеге бағытталған процесс. Ал  оның мақсаты – жобада қойылған барлық міндеттерді жан-жақты тиімділікпен  жүзеге асыру»,-деді Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Шерзод Пулатов қатысушыларға еңбек қатынастары жүйесінде медиацияның қолданылуы туралы әңгімелеп берді.

2018 жылғы 19 наурызда Жоғарғы Сот пен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, кейін ҚРКФ-ның барлық 17  аумақтық бірлестіктерінде Татуласу орталықтары ашылған болатын.

«Еңбек дауларының барлығына дерлігін кәсіподақтар сотқа жеткізбей  шешетіні белгілі. Тек  аз ғана пайызы медиаторлар арқылы шешіледі. Дегенмен медиация – еңбек дауларын шешудің тиімді құралы. Аталған орталықтарда қазір 80 медиатор жұмыс істеуде. 2018 жылдың наурыз айынан бері «Татуласу орталығы» татуласу орталықтарында 18 мыңнан астам консультациялар өткізілді. Жұмыскерлердің  еңбек және әлеуметтік мәселелер бойынша 6 мыңнан астам өтініштері қаралды. Оның  4 635-сі еңбек дауларына қатысты болды әрі олар оң шешімін тапты», – деді  Шерзод Пулатов.

Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова сот органдарының еңбек даулары бойынша заңды күшіне енген шешімдерін мысалға келтіре отырып, еңбек дауларын шешу бойынша сот тәжірибесіне шолу жасады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Кәсіподақ федерациясының онлайн білім марафоны биыл жыл басында басталды. Содан бері федерация мен оған мүше ұйымдардағы 9 500  кәсіподақ мүшесіне 249 семинар -тренинг өткізілді.