Кәсіподақтық онлайн ақпараттық турының қатысушылары Қазақстанның ең үздік 10 шипажайы қатарындағы «Мерке» шипажайын аралады

Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық шипажайларындағы онлайн ақпараттық туры бүгін «Мерке» шипажайында жалғасты.

Жамбыл облысындағы Қырғыз Алатауының тау бөктерінде және  Мерке тау өзенінің жағасында орналасқан «Мерке»  шипажайы 1959 жылдан бастап жұмыс істейді. Шиапажай директорының орынбасары Марат Қасымның айтуынша, бұрын бүкілодақтық маңызы бар бальнеологиялық шиапажайларға жататын «Мерке»  қазір ҚР Ұлттық Курорттық қауымдастығының құрамына кіреді.  Аталған ұйым коронавирустан кейінгі оңалтуға сұраныстың артуына байланысты биыл  еліміздегі санаторлық-курорттық нысандарға инвентаризация жасап,   коронавирустан кейінгі сауықтыру бағдарламасы бар 10 үздік шипажайды анықтады. Олардың қатарында  «Мерке»  шипажайы да бар. Кәсіподақтық 8 шипажай арасында бұл рейтингте  «Мерке» мен Түркістан облысындағы «Манкент»  шипажайы кіріп отыр.

Шипажай директорының орынбасары Марат Қасымның айтуынша, шипажайы жыл бойы жұмыс істейді және демалушыларды қабылдау тәулік бойы жүргізіледі.

«Жұмсақ климаттың арқасында емделу және демалуға  жылдың кез-келген маусымы қолайлы. Жыл сайын бізде Қазақстанның барлық өңірлерінен 9000-нан астам адам емделеді», -дейді ол.

Шипажайдың нөмірлік қоры – 426. Оның 166 –ы стандартты, 10-ы  жартылай люкс және 37-і люкс бөлме.

Ал ем 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: тірек – қимыл аппаратының, жүрек-қантамыр жүйесі мен қан айналымы органдарының, несеп-жыныс жүйесінің, жүйке жүйесінің, тері және тері асты – май клетчаткасының, зат алмасу және эндокриндік жүйе аурулары.

Шипажайдың емдеу-диагностикалық корпусында кардиолог, гинеколог, невропатолог, уролог, терапевт, физиотерапевт, ревматолог сияқты дәрігерлердің қабылдау кабинеттері жұмыс істейді, сондай-ақ клиникалық-биохимиялық зертхана, ЭКГ кабинеті және заманауи УЗИ-аппаратурамен жабдықталған УЗИ – диагностика кабинеті, СВЧ терапия жүргізу үшін физиотерапия кабинеттері, су рәсімдері, парафинотерапия және массаж кабинеттері бар.

Дегенмен шипажайының басты артықшылығы және негізгі емі –құрамында радон мөлшері көп минералды суы.

Шипажайдың бас дәрігері Әлия Тасжүрекованың сөзінше, радон суының қабынуға қарсы, анальгетикалық және метаболикалық процестерді қалыпқа келтіретін әсері бар. Иммунитетті қалпына келтіруге және арттыруға ықпал етеді, жүрек-тамыр, эндокриндік, урологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтады, ауыр металдар, пестицидтер және т. б. сияқты улы заттардың детоксикациясына ықпал етеді.

Бұның сыртында шипажайда шөптен жасалған фитобочка, инфрақызыл сауна, бал және шоколад орамалары, скипидар және фитованналар, нүктелік және Тай массаждары, тұз шахтасы, емдік косметология, пантылы ванналар және құймалар, су астындағы омыртқаны тарту және аэроионотерапия сияқты дәстүрлі емес медицина және SPA рәсімдерін алуға болады.

«Шипажайдың басқа да ерекшеліктері де бар. Атап айтқанда, саумал терапиясы, 2020 жылы кинезотерапия процедурасы енгізіліп, арнайы зал аштық  және  Ресей Федерациясындағы спорттық және медициналық жабдықтар зауытында тапсырыс бойынша жасалған “БИО ТОНУС” арнайы тренажерларында омыртқаның емдік гимнастикасын жүргіземіз. Ол үшін 2 нұсқаушы арнайы оқудан өтіп келді. Сонымен қатар, биылғы жылы арнайы детокс бағдарламаларымен салмақ жоғалту үшін 21 күндік курс әзірленіп, енгізілді», -деді шипажайдың бас дәрігері.

Елімізде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып және карантин енгізілген алғашқы күнінен бастап, Кәсіподақтар федерациясы коронавирустық пандемиямен күресте мемлекет пен қоғамды қолдауға қатысты шаралар қабылдаған болатын. Федерация  кәсіподақтық шипажайларда бес мыңнан астам қазақстандық орналастырылды. Кейін коноравирустық инфекцияны жұқтырған азаматтарды оңалту бағдарламасына қатысты. Осы кезеңде  «Мерке»  шипажайында да провизорлық стационар ашылып, 553 адам қабылданды.

Шипажайдағы бизнес процестерді автоматтандыру мақсатында  «Ақылды санаторий» бағдарламалық кешені енгізілген.

«Ал шипажай аумағында бос уақытты тиімді пайдалану үшін  атпен серуендеу, бильярд бөлмесі, караоке-бар, сауда нүктелері, пиццерия, жазғы кафе, дәріхана, тир, велосипедтерді жалға беру пункті, тауға, қасиетті орындарға экскурсия ұйымдастылады. Мәселен, демалыс күндері  тимбилдинг сонымен қатар,  Тарихи Тараз қаласына  және жақын маңайдағы  басқа да қасиетті жерлерге 3 күндік тур бар. Қысқы кезеңде төбешіктерден тюбингпен сырғанау ұйымдастырылады, мұз айдыны орнатылуда. Бұның сыртында «Мерке Радон» ВИА құрылған», -деді шипажай директорының орынбасары Марат Қасым.

Кездесуге қатысқан  Кәсіподақтар федерациясына қарасты Активтерді басқару дирекциясының корпоративтік басқару және даму бөлімінің бастығы Қайрат Айбосынов, мүшелік ұйым өкілдері маусымаралық кезеңдегі жеңілдіктер мен трансфер мәселелеріне қызығушылық білдірді.

Естеріңізге салайық, Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық шипажайлар бойынша онлайн ақпараттық туры осы аптада басталды. Шара ашық пікірталас арқылы кәсіподақ ұйымдары мен ҚРКФ шипажайлары арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуге бағытталған. Тур аясында  8 кәсіподақтық шипажайды аралау  жоспарланған. Келесі кездесуде «Манкент» шипажайының  жұмысы таныстырылатын болады.