Еңбеккер бейнесінде – Ләззат Медетова

Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық Мәдениет үйінің халықтық «Сұңқар» вокальдық ансамблінің көркемдік жетекшісі Ләззат Медетова жуырда Кәсіподақтар күніне орай ҚРКФ құрмет грамотасымен марапатталды.

Мәдениет саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Медетованың еңбекқорлығы мен жауапкершілігі өзгелерге үлгі. Ол 2008 жылы қалалық мәдениет Үйінің «Ақтөбе» вокалды ансамблінің әртісі болып қызмет атқарып жүріп, 2010 жылы «Сұңқар» вокалды тобын құрып, 2013 жылы «Халықтық» атағын қорғап шықты.

2014 жылдан бастап халықтық «Сұңқар» вокалдық тобының көркемдік жетекшісі болып келеді. Осы уақыт аралығында ол басқарған өнер ұжымы қала көлемінде өтетін мерекелік мәдени көпшілік шараларға белсенді атсалысып жүр. Үнемі шығармашылық ізденісте жүреді.

Қазіргі таңда «Сұңқар» вокалды ансамблінің құрамында оқушылардан және студенттерден құралған жоғары, орта және кіші топтардан 6 топ бар. Л.Ерпайызқызының жетекшілігімен өнерпаздар республикалық, халықаралық байқауларға қатысып6 жүлделі орындарға ие болып келеді.

Өзгелерге ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденімпаздығы, әр тапсырманы мұқият орындайтын тиянақтылығы арқасында үлгі болып жүр. Ләззат Медетованың жетекшілік ететін өнер ұжымы Ақтөбенің өнер сүйер қауымына етене таныс. Осы жылдар аралығында қала, облыс, республикалық түрлі өнер байқауларынан шәкіттері топ жарып, жүлделі орындар иеленіп, ел мерейін көтеріп жүр.

Ләззат Ерпайызқызы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушімен ұжымдық шарт арқылы қарапайым жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтауға мейлінше үлес қосып келеді.

“ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Кәсіподақтар федерациясы тарапынан құрмет грамотасымен марапатталауым ерекше құрмет. Бұл – бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелеріне, біздің ұжымға жасалған үлкен қолдау”, – деп атап өтті Ләззат Ерпайызқызы.