Әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері аудандарда қаралды

20-22 қазан аралығында Жамбыл облысының Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарының әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық комиссиялардың кезекті отырыстары өтті.

Бұл отырыстарға комиссия мүшелерінен бөлек Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Е.Есіркепов пен Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Қараулов қатысып, аудандардағы аталған саладағы өзекті мәселелердің жай-күйімен танысты.

Комиссия отырыстарында сөз сөйлеген Е.Есіркепов ең алдымен әлеуметтік-еңбек саласының тұрақтылығын назарда ұстауға, кәсіпорындар мен ұйымдардағы ұжымдық шарттармен қамтылу деңгейін арттыруға және еңбек саласын цифрландыру мәселелері бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттілігін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Б.Қараулов аудандардағы жұмыс атқарып отырған кәсіпорын мен ұйымдарда еңбек дауларының алдын алу және болдырмау мақсатында мониторинг жұмыстарын жандандыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу жұмыстарын жалғастыру мәселелерін көтерді.

Осы іс-сапар барысында комиссия мүшелері аудандардағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті. Атап айтқанда, Қордай ауданындағы 120 адам еңбек ететін, цемент өндірісіне қажетті өнім шығаратын «Ақ тас» ЖШС-і және 30 жуық жұмыскері бар, гранит тас өнімдерін шығаратын «Қызыл тас» ЖШС-де болып, жұмысымен танысты.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Қараулов қазіргі таңдағы кәсіподақ жұмысы жайлы баяндап, осы ұжымдарда бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру қажеттілігіне тоқталды. Өзара түсіністікпен өткен кездесулерде кәсіпорын басшылары да, еңбек ұжымдары да кәсіподақ ұйымын құру бүгінгі күннің талабы екенін қолдап, алдағы уақытта бұл мәселені талқылайтындарын және шешімін табатынын жеткізді.