Салалық кәсіподақ жетекшісі Ақтөбедегі үздік бастауыш ұйым мүшелерімен кездесті

ҚРКФ «Қалын қалай, бастауыш ұйым?» жобасы аясында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұлова Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.

Ақтөбедегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде 100-ге тарта адам – бастауыш ұйымға мүше. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, бөлім меңгерушісі Алмагүл Сарыбай –  тәжірибелі маман. 90 жылдан астам тарихы бар, 2018 жылы Батыс-2 жаңа мөлтек ауданындағы жаңа ғимаратқа орналасқан музейде заманауи талапқа сай 10 жаңа зал жабдықталған.
Алмагүл Сүндетқызы – облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, музейде кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы комитетінің мүшесі.

Биылғы жылы музей әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті бірлесіп, ұжымдық шарт ретінде бірқатар келісімдер жасасты. Жаңа ұжымдық шарт 2021-2023 жылдар аралығында қолданыста болады. Жаңа ұжымдық шартта алдыңғы шартта көзделген жеңілдіктердің барлығы сақталып қалумен қатар, музей қызметкерлеріне қатысты жеңілдіктер мен құқықтар да ұлғая түседі.

Мысалы, кәсіподақтан материалдық көмек көрсету және кәсіподақ комитетінің шешімімен музей саласында ұзақ жыл жұмыс жасаған қызметкерге санаторлық-курорттық емделу үшін қаржылық көмектер өсті. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің санаторлық-курорттық емделуге жеңілдікпен берген жолдамасымен қатар, қызметкерлерге ұжымдық шартта қосымша көмек беріледі.

Жұмыс беруші жұмыскердің жазған өтініші бойынша керек болған жағдайда асыраушысынан айырылған, 14 жасқа толмаған балалары бар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған, медициналық қорғау негізінде күтімді қажет ететін науқас болса, кәсіподақпен келісе отырып, икемді жұмыс жасау кестесін бекітеді.

Музей қызметкерлерінің туған күндерін, мерейтойлық жастарын атап өтуге орай кәсіподақ тарапынан берілетін сыйлық бағасы жоғарылады.

Далалық экспедиция жұмыстарын жүргізген музей қызметкерлеріне «МКҚК «Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі» қызметкерлерінің «Далалық жабдықталым ақшасын төлеу тәртібі, шарттары мен мөлшері, далалық жағдайдағы жұмыс уақытын есепке алу тәртібі туралы» жұмыс берушінің актісімен бекітілген Ережеге сай далалық жабдықталым ақшасы төленеді.

«Осы жетістіктердің барлығы – кәсіподақ комитеті мен музей басшылығының ұжымдық шарт бойынша өздеріне алған міндеттемелерді орындап, өзара тығыз ынтымақтастықта әрекет етуінің нәтижесі», – деп атап өтті кездесуде Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Назира Табылдинова.

Кездесу соңында ҚРКФ жариялаған салалық кәсіподақ ұйымдастырған үздік бастауыш кәісподақ ұйымдарының арасындағы байқауда музей кәсіподағы жүлделі орынды иеленді.

Кездесу соңында Светлана Иманқұлова мен Назира Табылдинова бастауыш ұйым жетекшісіне заманауи жабдықталған компьютер сыйлады.