ҚРКФ ақпараттық турына қатысушылар «Мойылды» шипажайында болды

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының ақпараттық турына қатысушылар Павлодар облысындағы «Мойылды»  шипажайының кәсіподақ мүшелерін санаторлық-курорттық сауықтыру мүмкіндіктерімен танысты.

Онлайн кездесуді ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ақпараттық турдың рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Ақпараттық тур ең алдымен санаторлық-курорттық емделу үшін қолжетімді мүмкіндіктер жасауға және кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтуға бағытталған», – деді Нұрлан Өтешев.

Қатысушыларға шипажайдың бас дәрігері Медхат Сатыбаев шипажайдың медициналық қызметі мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Оның айтуынша, «Мойылды» шипажайы Павлодар қаласынан 10 шақырым жерде, Мойылды ауылында орналасқан. Шипажайда бір кешенге біріктірілген 4 жатын корпусы мен 2 емдеу орталығы бар. Сыйымдылығы маусымда 600-ден астам, маусымаралық уақытта 530 адамға дейін жетеді.

«Шипажайда тұратын демалушылар үшін диеталық тағамдарды қосқанда төрт мезгіл тамақтану ұйымдастырылған. Тамақтану стандарттыдан бастап VIP залдарға дейінгі үш залда жүргізіледі. Шипажайда емделу жағымды демалыспен толықтырылады. Яғни спорт залы, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, бильярд, шахмат, нард және т.б. ойнауға болады», – деді Медхат Сатыбаев.

Сонымен қатар, бас дәрігердің айтуынша, демалушылар үшін облыстағы тарихи-мәдени орындарды аралау мақсатында түрлі экскурсиялар ұйымдастырылуда.

Оның айтуынша, шипажайда емделетін аурулардың қатарында тірек-қимыл аппаратының аурулары, буын, омыртқа, сүйек, бұлшықет және шеткі жүйке жүйесі аурулары, радикулит, неврит, сондай-ақ асқазан-ішек аурулары, тыныс алу жолдары аурулары, қант диабеті сияқты аурулар бар

«Шипажайдың басқаларынан басты айырмашылығы  аумағында Мойылды көлінің болуы.  Көлді Артемиа Салина шаяндары мекен етеді. Олар құрамында жоғары минералданған лайлы балшық пен тұзды ерітінді бар  құнды батпақ түзуге қатысады. Бұлар әртүрлі ауруларға ем. Минералды жер асты сулары денсаулықты емдеу үшін де ерекше құнды болып табылады», – деді Медхат Сатыбаев.

Сонымен қатар, шипажайда физиотерапия, фитотерапия, емдік массаж, гидроколонотерапия, су астындағы душ-массаж, шарко душы, айналмалы душ, панты және селен ванналары, вакуумдық массаж және т.б ем түрлері бар.

Шипажай қызметімен танысқан кездесуге қатысушылар «Мойылды» базасында жайлы демалыс пен курорттық ем мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.

Бұл ретте кәсіподақ мүшелеріне жеңілдік шарттармен кәсіподақ жолдамаларын беру мәселелерінің өзектілігін атап өтті.

ҚРКФ Активтерді басқару дирекциясының корпоративтік басқару және даму департаментінің басшысы Қайрат Айбосынов кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін кеңінен тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясының шипажайларында жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің 25-30 пайызға жуығы демалады.

«Біздің міндет – баға саясаты аясында демалысты қолжетімді ету. Біз барлық кәсіподақ мүшелерін бір терезе қағидаты бойынша орналастыруға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық платформа құруды жоспарлап отырмыз. Бұл барлық өтінімдерді біріктіру жеңілдіктер көлемін анықтауға және маусымдар бойынша жолдамалар бөлуге мүмкіндік береді», – деді Қайрат Айбосынов.

Кездесу соңында ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ақпараттық тур қорытындысы бойынша келіп түскен сұрақтарға жан-жақты талдау жасалып, кәсіподақтың әрбір мүшесі үшін тартымды жағдай әзірленетініне сендірді.

Сонымен қатар, ол кәсіподақ мүшелеріне берілетін жеңілдіктердің деңгейі ҚРКФ санаторийлеріне жұмысшыларды көптеп тартуға байланысты екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ санаторийлері бойынша күнделікті негізде онлайн-ақпараттық турды бастады. Іс-шара кәсіподақтар мен ҚРКФ шипажайлары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Акция аясында қатысушылар бүгінгі күнге дейін алты кәсіподақ шипажайын аралады.   Келесі кездесуде  олар «Щучье» шипажайының жұмысымен танысады.