Кәсіподақ белсенділері бас қосты

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов бастаған  қоғамдық бірлестіктің өкілдері Алакөл ауданына барды. Онда кәсіподақ белсенділерімен кездесті.

Аталған шараны Алакөл аудандық филиалының төрағасы Кенжебек Алпысбаев ашып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына келген қонақтарды таныстырды. Жұмыс барысын баяндап, жоспарымен бөлісті.

Кезекті сөзді алған облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы Мемлекет басшысының Жолдауына тоқталып, алдағы мақсаты мен міндеттін анықтады.  Білім ордаларындағы ахуалды бағдарлап, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығына назар аударды. Сақтық шараларын бағамдап, ұстаздарға материалдық көмек көрсетілгенін айтты. Сонымен қатар кәсіподақ жұмысын жандандыруда ардагер ұстаздар мен жастардың белсенділігі жайында сөз етіп, облыста бірқатар мемлекеттік мекемемен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалғанын жеткізді. Кәсіподақ жұмысын насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдаланылғанын айтып өтті.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары тарапынан туындаған сұрақтарға облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан жауап беріп, ұжымдық шарттың маңыздылығы жайында айтып берді. Ұстаздар арасында жиі қозғалған сұрақтарға шолу жасап, толық түсінік берді. Педагогтардың мүддесін қорғауда қажетті шаралар уақытында қабылданатынына сендірді.

Ал, облыстық ұйымның төраға орынбасары Болат Тұрысбеков сала қызметкерлерінің мәртебесін арттыру бастауыш кәсіподақ ұйымдарына тікелей байланысты екенін айтып, барлық деңгейдегі кәсіподақ белсенділерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Қабанбай және Алакөл өңірінде өткен кездесулер екі күнге созылып, қоғамдық ұйым жайында барлық ақпараттар берілді.