«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «Grand Milks» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында  Түркістан облысындағы «Grand Milks» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

Кездесуді ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының  бастауыш кәсіподақ ұйымдарының дамуына тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор екенін атап өтті.

«ҚРКФ былтыр өткен кезекті XXVI съезінде 2021 жылды бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жарияланған болатын. Ал «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы барысында ҚРКФ басшылығы бастауыш кәсіподақ ұйымдарын  виртуалды түрде аралап,  озық тәжірибелер мен  жергілікті және жүйелік деңгейдегі проблемаларды анықтап, аймақтық кәсіподақ белсенділеріне қолдау көрсетеді. Мұндағы басты мақсат – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту. Осындай кездесулер нәтижесінде ұсыныстар әзірленіп, кейін олар  ҚР Парламент  Мәжілісіндегі кәсіподақтық  депутаттар арқылы заңнамалық тұрғыдан бастама ретінде көтеріледі.  Осылайша кәсіподақтың әрбір мүшесін  толғандыратын мәселелер болашақта заңнамалық шешімдерде көрініс табады.  Акция аясында жыл басынан бер 600-ден астам бастауыш ұйымымен кездесу болды. Бұл кездесулерде 400-ден астам мәселе көтерілді. Оның 200-ден астамы ұжым деңгейінде не болмаса өңір деңгейінде оң шешілді. 80-ге жуығы Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтыруларға айналды. Бұның сыртында кейбір мәселелер әлеуметтік әріптестік аясында Үкімет пен министрліктер деңгейінде  шешілуде»,- деді Нұрлан Өтешев.

Онлайн-сапар барысында «Grand Milks» ЖШС жұмысы  бейнеролик арқылы таныстырылды.

Жиһаз жасаумен айналысатын серіктестік өз қызметін 2000 жылы жеке кәсіпкер ретінде бастаған. Бүгінгі күні жиһаздың ай сайынғы шығарылымы 170 миллионға дейін барады. Осылайша  шағын цехтан шыққан «Grand Miks» фабрикасы 20 жыл ішінде отандық жиһаз өндірісі әлемінде танымал брендке айналды. Жақында ғана жеке шағын серіктестікке өскен ұжым  жиһаздың 200 түрін шығарады және тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресей, Беларусь және Қытайдың 30-дан астам дилерлерімен, 40 жеткізушілерімен ынтымақтасады.

Кездесуге қатысқан Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абдурайра Манаховтың айтуынша,  «Grand Milks» –   облыс мақтанышы. ЖШС 2016 жылы «Жиһаз және интерьер 2016» халықаралық көрмесінде «Үздік ас үй жиһазы» номинациясы бойынша  жеңімпаз атанған. 2017 жылы Алматы қаласында «Үздік көрме экспозициясы»  көрмесінде «Үздік корпустық жиһаз 2017» сыйлығына ие болды. 2016 жылы Шымкент қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары өңірлік байқауында» «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Ал 2019-2020 жылдары фабрика «ІСКЕР» және «Алтын сапа» сыйлықтарымен марапатталған. Абдурайра Манахов жұмыс беруші мен бастауыш кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестікті дамыту және қызметкерлердің  мүдделерін қорғау жолындағы бірлескен жұмыстарына  жоғары баға берді.

«Серіктестік  жұмыскерлерге деген қамқорлығы бойынша да өзгелерге үлгі бола алады.  Әсіресе, кәсіби біліктілікті арттыруға аса мән беріледі. Мұндағы жұмыскерлердің басым бөлігі алыс және жақын шетелдерде тәжірибеден өтіп қайтқан. Тіпті 2019 жылы ағаш өңдеудің заманауи әдісін меңгерту үшін Германиядан арнайы мамандар шақырды. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясына таңдалып алу себептерінің бірі де осында. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы  енді өріс алып келе жатыр. Болашақта ұйым да үлгілілердің қатарынан көрінеді деген сенім бар»,-деді ол.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Хасан Сәлімов атап өткендей, серіктестікте қазір 155 адам жұмыс істейді.  Олардың 15-і кәсіподаққа мүше. Мекемедегі барлық қатынастар әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделген. 2018 жылы қабылданған ұжымдық шартта түрлі әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Мәселен, қызметкерлер тегін түскі аспен қамтылған. Әртүрі жағдайларда көрсетілетін міндетті материалдық көмектерден бөлек, жыл сайын 20 адам кезекті еңбек демалыстарында шипажайға жіберіледі. Спорттық мәдени-ойын-сауықтық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.

Кездесуге қатысқан серіктестік бастығының орынбасары  Камал Юлдашев бүгінгі кездесу үшін ҚРКФ басшылығына алғыс айтты. Отандық тауар жасаушы кәсіпкерлер үшін әлі де болса несие мөлшерлемесінің жоғары екенін атап, оны  төмендету және мерзімін ұлғайту бойынша көмек қолын созуды сұрады.

«2020 жыл серіктестік үшін қиын болды. Соған қарамастан біз 3,3 млрд теңгеге өнім өндірдік. Жылына  200-250 млн теңге салық төлейміз. 2017 жыдан бастап екінші деңгейлі банктер арқылы 6 пайызбен 19 млн теңге несие алдық. Дегенмен  отатындық тауар өндірушілерге 6 пайыздың өзі де көп.  Үкімет пайызды төмендетсе деген өтініш бар. Әрі несиені беру мерзімі де аз. Қазір  3-5 жылға беріледі.  10-14 жылға 3-4 пайызбен берсе дұрыс болар еді. Мемлекет тарапынан субсидия бар. Бірақ ол да жеткіліксіз. Себебі  тасымалдау құны қымбат. Бүгінгі күні орта және шағын кәсіпкерлердің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 30 пайыз ғана. Біз оны 50 пайызға дейін апаруымыз керек. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы да осы мәселені алға ілгерілету бойынша көмектессе деген өтініш бар»,-деді  серіктестік  басшысының орынбасары.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары акция жарияланғаннан бері жұмыс берушілер тарапынан бұндай мәселенің бірінші рет көтеріліп отырғанын және бұл мәселенің федерацияның құзырына жатпайтынын,  облыстық әкімдікке қарайтын кәсіпкерлік  басқармасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тиеселі екенін  ескертті. Дегенмен  әлеуметтік әріптестік аясында шешуге уәде берді.

«Менің білуімше, биыл  елімізде жиһаз экспорты 14 пайызға өсті.  Онда сіздердің де үлестеріңіз бар деп ойлаймын.  Сіз қойған сауалдар негізінен  облыстағы кәсіпкерлік  басқармасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзырында. Бірақ біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше шешуге тырысамыз»,- деді  Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ төрағасының орынбасары сөзінің соңында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған жұмыс беруші мен бастауыш кәсіподақтар ұйымының бірлескен жұмысына жоғары баға берді. Бірлік ұғымының  2 млн-ға жуық  кәсіподақ  мүшесінің басын біріктіріп отырған  федерация үшін де ерекше маңызы бар құндылық екенін еске салды.