ҚРКФ ақпараттық турына қатысушылар «Щучье» шипажайында болды

Кәсіподақтар федерациясының ақпараттық туры бүгін Ақмола облысындағы «Щучье» шипажайында жалғасты.

ҚРКФ Активтерді басқару дирекциясының корпоративтік басқару және даму бөлімінің басшысы Қайрат Айбосынов кәсіподақ шипажайларының әлеуетін айқын көрсететін және кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын сақтау үшін өзара тиімді жағдайларды талқылауда ақпараттық тур өткізудің маңызы зор екенін атап өтті.

Қатысушыларға шипажайдың мүмкіндіктерін бас директоры Бейсенбек Досжанов таныстырды.

«Щучье» шипажайы 1978 жылы құрылған.  Оның ғимараттарының жалпы ауданы 19 073 шаршы метр.  Шипажайдың штаты 109 адамды құрайды.

Шипажайдың бас директоры демалыс орнының басты ерекшелігі – оның Бурабай ұлттық табиғи паркі аумағында, таулардың арасында, теңіз деңгейінен 280 м биіктікте, Щучье көлінің жағасында, емдік ауасы мен радон көзі бар қарағайлы орманның жанында, қоршалған жерде орналасуы екенін атап өтті.

Шипажайдағы  бөлмелердің жалпы саны әртүрлі деңгейдегі жайлылықтағы 191 нөмірді қамтиды.

Бейсенбек Досжанов атап өткендей, 314 орындық 6 қабатты ғимарат екі адамдық стандартты және тоңазытқыштармен, теледидарлармен, энергия үнемдеу жүйесімен, электронды кілттері бар есіктермен жабдықталған жартылай люкс бөлмелерден тұрады.

«Біздің шипажайдың қызметі әрбір демалушының назарда мен қамқорлықта болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бос уақытты ұйымдастыру үшін күнде би кештері, жазда Щучье, Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларының өнерпаздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылады. Щучье-Бурабай аймағында тәжірибелі гидтер бар жаяу және автомобильдік туристік маршруттардың әртүрлі нұсқалары бар», – деді ол.

Қатысушыларды шипажайдың  бас дәрігері Шаймерден Көбесов курорттық емдеудің ерекшеліктерімен таныстырды.

Оның айтуынша, шипажай жүрек-қантамыр және шеткергі жүйке жүйесі, тыныс алу, тірек-қимыл аппараты ауруларымен ауыратын адамдардың денсаулығын сауықтыруда.

Бұл жағдайда емдеудің негізгі түрлері физиотерапия, парафиндік терапия және бальнеотерапия болып табылады.

Сонымен қатар шипажайда «Аэромед» тұз үңгір-галокешені, массаж және климатотерапия сияқты қызметтер ұсынылады.

Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, ақпараттық турға қатысушылар санаториялық-курорттық демалысқа деген сұранысты атап өтті.

Бұл ретте шипажайдың баға саясаты мен кәсіподақ мүшелеріне жеңілдіктер беру мүмкіндігі мәселесі ерекше қызығушылық тудырды.

Кездесу соңында Қайрат Айбосынов қатысушыларды ақпараттық тур қорытындысы бойынша кездесулер барысында айтылған барлық мәселелерді сараптау, сондай-ақ кәсіподақтардың жеңілдетілген бағдарламаларын ұсынудың экономикалық мүмкіндіктерін зерделеу жоспарланып отырғанына сендірді.