Өндірістік жарақаттану мәселесі қаралды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұловтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысында өндірістік жарақаттану мәселесі қаралды.

Оған елордалық Кәсіподақтар орталығының, ҚР жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) ұлттық Конфедерациясының Нұр-Сұлтан қаласындағы жетекшісі, құқық қорғау органдарының, еңбек инспекциясының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, отырысқа өндірістік жарақаттанушылық тіркелген «Құрылысшы LTD» ЖШС, «КСМК-АФ» ЖШС, «Казстройподряд» ЖШС, «Інжу құрылыс» ЖШС, «F-Group Development» ЖШС құрылыс компанияларының өкілдері шақырылды.

Е.Исмағұлов атап өткендей, жыл басынан бері жазатайым оқиғалар салдарынан 43 жұмысшы зардап шегіп, оның ішінде 14 адам қаза тапқан, 29 адам ауыр жарақат алыпты. Айта кету керек, қайғылы оқиғаның 75% құрылыс нысандары аумағында орын алып отыр. Қазіргі таңда аталған құрылыс компанияларында тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмыс өндірісінің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы, еңбекті қорғау жөніндегі қызметкерлерді даярлауды ұйымдастырудағы кемшіліктер, уақытша қоршаулардың, тор аулаушылардың болмауы, сонымен қатар, жұмыскерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеуі және т.б. болып табылатынын көрсетті.

Отырыс соңында Е.Исмағұлов өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында бас мердігерлерге еңбек қауіпсіздігін сақтауға қатаң талап қойып, тартылатын қосалқы мердігерлік ұйымдарды да жеке бақылауға алуды, қажет болған жағдайда бұзушылықтар толық жойылғанға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының тоқтатылатын айтты.