«Ашық есік» күнінде еңбек заңнамасы түсіндіріледі

Қызылордада азаматтарға еңбек заңнамасын түсіндіру мақсатында әр аптаның сәрсенбі күні «Ашық есік» күні ұйымдастырылуда.

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қызылорда облыстық үшжақты комиссия отырысында қаралған мәселелерге сәйкес, әлеуметтік әріптестермен азаматтарға еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстарын жүргізу өзектілігі айқындалған болатын.

Әр апта сайын қалалық жұмыспен қамту орталығында өткізіліп отырған «Ашық есік» күніне аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева тұрақты қатысып, келушілерге еңбек қатынастары және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды заңнамалық реттеу мәселелері бойынша кеңес беруде.