«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тобында жұмыс істейтін Курин әулетінің жалпы еңбек өтілі – 115 жыл

2021 жылғы 15 наурыз бен 1 шілде аралығында жастарды еңбекті құрметтеу рухында тәрбиелеу, еңбек дәстүрлерін сақтау және көбейту мақсатында үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындайтын «Еңбек Жолы» республикалық конкурсына қатысу үшін Қарағанды облысы бойынша үміткерлерден 65 өтінім берілді. Конкурс «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» ұранымен Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға және еңбек өнімділігін ынталандыруға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің ұйымдастыруымен Нұр-сұлтан қаласында еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері арасында жыл сайынғы «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік еңбек әулеті» номинациясын Қарағанды облысында тұратын Курин әулеті құрметті 3 орынды иеленді.

Куриндер әулетінің «Қазақмыс Coal» ЖШС-тегі жалпы жұмыс өтілі 155 жылдан астам:

Отбасы басшысы Курин Александр Леонидович 42 жыл бойы «Қазақмыс Coal» ЖШС кәсіпорнында экскаватор машинисі болып жұмыс істеді. «Құрмет» және «Халықтар Достығы» ордендерімен, 3 дәрежелі «Шахтер даңқы» және «Құрметті шахтер» белгілерімен марапатталған.

Жұбайы Курина Александра Всеволодовна осы кәсіпорында «Технологиялық кешен» учаскесінің тиеу диспетчері лауазымында 31 жыл жұмыс істеді.

Ұлы Курин Игорь Александрович 40 жылдан астам экскаватор машинисі болып жұмыс істейді. 3 дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісінің кавалері, «Құрметті шахтер», Қарағанды облысы әкімінің және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қызы Мартынчук (Курина) Татьяна Александровна осы кәсіпорында 36 жыл жұмыс істейді. Тау-кен жұмысшысы ретінде еңбек еткен, қазіргі уақытта персонал бөлімінің маманы болып жұмыс істейді.

Немересі Шеина (Курина) Надежда Игоревна «Қазақмыс Coal» ЖШС кенішінің геологиялық қызметінде 6 жылдан астам уақыт геолог болып жұмыс істейді.