Қызылордада «Еңбек жолы» республикалық конкурсының номинанттары марапатталды

Қызылорда облыстық әкімдікте «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» республикалық форумы өтті.

Оған еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, «Еңбек жолы» республикалық конкурсына қатысушы-номинанттар қатысты. Форумда үш номинациядан тұратын республикалық конкурстың өңірлік деңгейлерінде өздерінің үлгілі еңбек жолдарымен ерекшеленген сырбойлық  Гүлзат Талғатқызына «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша, Ханзада Байсалбайқызына «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша және Айтуғановтар әулетіне «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша конкурсқа қатысқандары үшін облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың Алғыс хаттары табысталды.

Аталған конкурс жастарды еңбекке құрметпен қарау, еңбек дәстүрлерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылады. Еңбек адамдарын ұлықтау шарасына қатысқан Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі М.Нәлібаев өз тарапынан еңбек адамдарына кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүргендері үшін ризашылығын білдіріп, кәсіподақтар орталығының марапаттарын табыстады.