Құқықтық көмек көрсету – Заң клиникасының басты міндеті

2021 жылдың мамыр айында «Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанынан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасының филиалы ашылған болатын. Заң клиникасы филиалының басты мақсаты – кәсіподақ мүшелеріне еңбек құқығы мәселелері бойынша ақысыз заңдық кеңес беру.

Заң клиникасында кәсіподақ орталығының, салалық кәсіподақ ұйымдарының заңгерлері, өңірдің медиатор мамандары кезекшілік кестемен жұмыс жасауда. Ең жиі өтініштер Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының заңгері Г. Құрманғазиеваның қарауына түседі. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қаратөбе ауданы, «Аққозы мектеп бөбекжай-балабақша» кешенінің орыс тілі пәні мұғалімінен өтініш түсті. Өтінішке сәйкес «Аққозы мектеп бөбекжай-балабақша» кешенінің басшысы орыс тілі пәнінің мұғаліміне 2021 – 2022 оқу жылына барлығы 16 сағат беріліп, бос ваканттың орындағы 10,5 сағаты қосымша жүктелген және заңды түрде рәсімделмеген.

Анықтау барысында «Аққозы мектеп бөбекжай-балабақша» кешенінің басшысына ҚР ЕК-нің 1-бабының 1-тармағы, 56 тармақшасына сәйкес, қоса атқарылатын жағдайда еңбек шартының рәсімделуіне қатысты құқықтық кеңес берілді.

Нәтижесінде жұмыс берушінің бұйрығымен өтініш иесіне бос орын сағаты қоса атқарылатын жұмыс ретінде жеке еңбек шартына 1 жылға қосымша еңбек шарты (ҚР ЕК-нің 33-бабының 2-тармағынна көзделген тәртіпте) жасала отырып, қыркүйек айынан бастап оқу жүктемесіне сәйкес төленетін болып шешілді.

Сонымен қатар, Орал политехникалық колледжінде «Педагог ұйымдастырушы» лауазымы қысқартылып, жұмыссыз қалған оқытушыдан өтініш түскен. Заңгер Г. Құрманғазиева іс бойынша мән-жайды зерделеу барысында әкімшіліктен кеткен олқылықтарды анықтап, ҚР ЕК-нің 54 бабына сәйкес, Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу мүмкіндігін шектеу бабына сілтеме жасай отырып, жұмыс беруші тарапынан шығарылған оқытушыға шыққан бұйрықтың заңсыздығын анықтады. Бүгінгі күні оқытушы өз жұмысын жалғастыруда.

Жалпы жылдың басынан облыстық кәсіподақ заңгерлеріне 800-ден астам өтініш түсіп, оларға құқықтық түсіндірмелер берілді.