“Жыл мұғалімі” анықталды

Жылдағы дәстүр бойынша Сәтбаев қаласының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жыл мұғалімі» байқауы қорытындыланды.

13-22 қазан аралығында өткен байқаудың І-ІІ кезеңінде ұстаздар ашық сабақ және үздік сыныптан тыс жұмыстарын ұсынған болатын. Аталмыш сынақтан сүрінбей өткен 8 мұғалім ақтық сында бақ сынады.

Шығармашылықпен жұмыс істейтін, рухани-адамгершілік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық мәдениетті игерген, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияны меңгерген, жан-жақты дамыған балалар мен жасөспірімдер тәлімгері, жоғары интеллектуалды деңгейдегі дарынды ұстаздарды анықтауды мақсат еткен байқаудың нәтижесі бойынша Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Сарсенова “2021 жылдың үздік мұғалімі” атанды. І орынды №15 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлшат Окетаева, ІІ орынды №1 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Дүйсенбай, ІІІ орынды №19 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Перизат Султангалиева иеленді.

Тәжірибесі толысқан, өз ісінің майталмандарына «Ең үздік сабақ», «Үздік сыныптан тыс жұмыс», «Үздік үй тапсырмасы» және «Көрермен көзайымы» номинациялары үлестірілсе, байқаудың алғашқы айналымында белсенділік танытқан 5 мұғалімге Сәтбаев қаласының білім қызметкелерінің кәсіподағы ұйымы атынан да ақшалай сертификаттар табысталды.