Шымкент қаласындағы үшжақты комиссияның атқарған жұмыстарының ерекшеліктері аясында кезекті отырысы өтті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Үшжақты комиссия отырысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер Конфедерациясының өкілі Альберт Толщин, кәсіподақ төрағалары мен қызметкерлері, мемлекеттік басқарма басшылары, медиаторлар қатысты.

Күн тәртібінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссияның 9 ай көлемінде атқарған жұмыстарының ерекшелеліктері қаралды.

Өз сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы еңбек қауіпсіздігін сақтау, айлық жалақыны уақытылы төлеу, еңбек шартын орындау еңбек қатынастарында ең басты мәселе екенін және олар үшжақты комиссияның әрбір отырысында қаралатынын жеткізді. Еңбек қауіпсіздігі мәселесінде тиісті талапты орындап отырған мекемелер саны өте аз екенін мәлімдеді.

Қала әкімінің айтуынша, кәсіпорындарға қойылар талап үшеу: бірінші, жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екінші, жұмысшыларға арнайы киімдер әперу, үшінші, азаматтарға еңбек қауіпсіздігі шарттарын үйрету. Шаһар басшысы баяндамасында айлық жалақыны төлей алмай қалу қаупінің алдын алатын механизмді жетілдіру керектігін, кәсіподақ жұмысын күшейту қажеттігін және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі назардан түспейтінін айтты.

«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев өз баяндамасында, ауматық кәсіподақтар бірлестігі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған жұмыс стратегиясына сәйкес, іс-шаралар атқаруда. Бүгінгі таңда, қаламызда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қарасты 8 салалық кәсіподағы және 5 жергілікті кәсіподағының құрамына кіретін 609 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 68 669 кәсіподақ мүшесі бар.

Бауыржан Ілімшеұлы Шымкент қаласы әкімінің 2018 жылғы қаулысы аясында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның құрылуына байланысты кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптес ретінде өз жұмысын атқарып келе жатқанын мәлімдеді. Үшжақты комиссияның бұған дейінгі өткізілген 15 отырысында кәсіподақтар тарапынан 15 мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселелер тікелей бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан келіп түскен. Үшжақты комиссия отырыстарының тиімділігінің нәтижесінде, кәсіподақтар көтерген мәселелер өз оңтайлы шешімін тапқан.

Айта кетейік, қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы мекемелерде 24 жазатайым оқиға орын алған. 30 адам зардап шегіп, 5 адам қайтыс болған. Оның ішінде 2 оқиға кәсіподақ ұйымдары бар мекемелерде орын алған. Екі мекеменің де бастауыш кәсіподақ ұйымы Senim салалық денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамында. Жазатайым оқиғалар №2 қалалық аурухана және Жедел-жәрдем станциясында орын алған.

Бауыржан Ілімшеұлы алдағы уақытта жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін кәсіподақ мүшелерімен бірлесіп, Жол картасы әзірленгенін жеткізді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы кәсіподақ ұйымдары бар мекемелерде еңбек жалақысы қарыздары жоқ екенін айта кеткен жөн. Бұл мәселе аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің тұрақты бақылауында.

Жыл басынан бері кәсіподақ ұйымы бар екі жұмыс орнында еңбек даулары орын алған. Бірінші Shymkent BUS ЖШС-нде, екіншісі Қазақстан темір жолында. Еңбек даулары туындаған сәтте Үшжақты комиссияның көшпелі отырыстары өткізіліп, еңбеккерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Көшпелі отырысқа әкімдік өкілдері, басқарма басшылары, аудан прокуроры, Ішкі істер басқармасының басшысы, кәсіподақ төрағалары қатысқан.

Жиында еңбеккерлердің өтініш-тілектері болса, тікелей кәсіподақ ұйымдарына жеткізе алатыны және ешқандай мәселе қараусыз қалмай, шешу жолында жұмыстар атқарылатыны айтылды.

Сонымен қатар, отырыста өткен жылы мекемелерде ұжымдық шарт 8,7 % түзілгені, биылғы жылы 39,13%-ға жеткені мәлім етілді. Дегенмен, ұжымдық шарт түзу пайызын ілгерілету жолында жұмыстар атқарылу керек екені жеткізілді.

Үшжақты комиссия отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов кәсіподақтардың атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.