ҚРКФ ақпараттық турына қатысушылар «Ақжайық» шипажайында болды

Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық шипажайларға арналған ақпараттық туры Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» шипажайында аяқталды.

Кездесуге қатысушыларға арналған алғы сөзінде  Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ақпараттық турдың мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

Ол ең алдымен кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтудың маңызы туралы айтты. Бұл тұрғыдан шипажайлар мен ҚРКФ-на мүше ұйымдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясының маңызды міндеті санаторлық –курорттық ем мен кәсіподақ ұйымдарының ҚРКФ шипажайларымен ынтымақтастығын дамыту», – деді Нұрлан Өтешев.

«Ақжайық» шипажайының директоры Альберт Сафуллин қатысушыларға санаторлық-курорттық кешеннің қызметтері туралы айтып берді.

Медициналық-сауықтыру орталығы Орал қаласынан 45 шақырым жерде, облыстың табиғаты тамаша Теректі ауданындағы Ақжайық селосында орналасқан.

1985 жылы «Орал» демалыс үйінің базасында ашылған шипажай қазір облыс тұрғындарының ғана емес, көршілес Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының, сондай-ақ Ресейдің шекаралас жатқан кейбір өңірлерлер тұрғындарының да сүйікті санаторлық-курорттық демалыс орнына айналды. Шипажайдың айналасы қара жидек, саңырауқұлақ сияқты табиғаттың түрлі сыйына бай Жайық жайылмасының көркем орманымен қоршалған.

«Мұнда жыл сайын үш мыңнан астам адам демалып, профилактикалық ем алады. Олар жайлы бөлмелермен, 5 мезгіл тамақпен, медициналық және сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Профилактикалық емдеуді өңіріміздегі жоғары білікті дәрігерлер мен медбикелер жүргізеді. Шипажайдың жеке және топтық дене шынықтыруға арналған залдар, тренажер залы, жабық спорт залы, бассейн, емдік сауналардан тұратын спорттық-сауықтыру базасы белсенді  демалысқа ықпал етеді. Мәдени демалыс үшін шипажайда кинотеатр, би залы, бильярд залы, үстел теннисі, үстел ойындары, кітапхана бар», – деді Альберт Сафуллин.

Оның айтуынша, шипажай ҚР Ұлттық курорттық қауымдастығы тарапынан табиғи емдік факторларды пайдалану бойынша ең үздік қазақстандық шипажайлардың бірі ретінде алтын дипломмен марапатталды.

«Ақжайық» шипажайының бас дәрігері Марат Ақашаев өз сөзінде денсаулықты жақсартудың ерекшеліктеріне тоқталды.

Оның айтуынша, шипажайдың демалушыларды қызықтыратын ең басты ерекшілігі – хлоридті-магнийлі-натрийлі минералды су. Шипалы судың құрамында бром, кремний, йод және фтор сияқты биологиялық белсенді компоненттер бар. Оны ішуге болады және бальнеологиялық процедураларды жүргізу үшін қолданылады.

Сонымен қатар, шипажайлық емнің қатарында емдік қасиеті бар балшық бар.

«Біздің шипажайда негізінен жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, гинекологиялық аурулармен қатар тірек-қимыл аппараты, асқазан-ішек жолдары мен ағзаның эндокриндік жүйесі ауруларына шалдыққандар профилактикалық ем алады. Кешенді емдеуде аппараттық физиотерапия, гирудотерапия, физиотерапия жаттығулары кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, әртүрлі душ және гидромассаж түрлерімен гидротерапия, массаж қолданылады», – деді Марат Ақашаев.

Шипажайдың қызмет түрлерімен танысқан мүшелік ұйымдардың өкілдері оның сауықтыру әлеуетін жоғары бағалады.

Қатысушылар кәсіподақ ұйымдары үшін шипажай қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

ҚРКФ Активтерді басқару дирекциясының корпоративтік басқару және даму бөлімінің басшысы Қайрат Айбосынов кәсіподақтық шипажайларға кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін кеңінен тартудың маңыздылығын атап өтті әрі қпараттық тур қорытындысы бойынша қарастырылған мәселелерге талдау жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар,  жеңілдетілген шарттармен жолдама алу мүмкіндігі де қаралатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіподақ шипажайларына онлайн ақпараттық тур осы жылдың 18 қазанында басталды. Кәсіподақтар мен ҚРКФ шипажайларының ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған шара аясында оған қатысушылар ҚРКФ-ның 8 кәсіподақ шипажайына онлайн сапар жасады.